ЖҮРЕК СӘУЛЕСІ. ЕСІКТЕ ЗАҒИП БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ

Уақыты: 16.11.2022
Оқылды: 1120

Халықаралық зағиптер күніне орай Есік археологиялық өлкетану музейінде «Жүрегімнің сәулесі» атты қайырымдылық кеші өтті. Онда облыстағы көзі нашар көретін арнайы мектеп-интернаттар оқушылары қатысқан өнер байқауы қорытындыланды. Аталған шарада жеңімпаздар марапатталып, демеушілер тарапынан сыйлықтар табыс етілді.

Арнайы мектеп-интернаттарда оқып жатқан балалар жарық дүниені анық көрмесе де, олардың көкірек көзі өмірді, өнерді тануда ешкімнен кем емес. Мұндағы оқушылар мәдени-рухани байқауларға белсене қатысады. Қылқаламмен өрнектеген туындылары өзіндік ерекшеліктерімен назар аударады. Шырқаған әндері тыңдаушыларын тебірентпей қоймайды.

Кеште облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әлия Жақыпбекова мен облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Дәулет Шайтұрсынұлы өнерімен озған өрендерді Алғыс хатпен марапаттады. Атап айтар болсақ, олар – Нұржол Жеңісханұлы, Диас Смағұл, Оксана Феделина, Аида Қайрат, Арайлым Керім сынды жас таланттар.   

– Қуанса, бала қуансын! Жүрегінен сәуле шашыраған жас ұрпақтың көру мүмкіндігі шектеулі бола тұрса да өнерге деген құштарлығы бәрімізді сүйіндірді, – деді Әлия Жақыпбекова.

Бұдан кейін демеушілер Айнұр Аралбайқызы, Аслан Жақсылыққызы және Дәулет Жанботаевтар балаларға базарлық жасады. Ұста Дәркембай атындағы мұражайдың директоры Дәулет Шоқпаров өзінің қолынан шыққан екі мыс сақинаны жеңімпаздарға ұсынды.

Алматы облыстық музейлер бірлестігінің басшысы Әнуар Үмбеталиев, Мемлекеттік қуыршақ театры директорының орынбасары, белгілі актер Бақыт Тушаевтар сөз алып, жылы лебіз білдірді.

Кеш барысында мектеп-интернат оқушылары музейге саяхат жасап, ондағы жәдігерлермен танысты. Сәулетші, этнодизайнер Құрманғазы Қадыровтың жеке көрмесін тамашалады. Қайырымдылық кешінде қуыршақ театрының әртістері балаларға сахналық қойылым көрсетті. Аудан өнерпаздары әннен шашу шашты. Бір сөзбен айтқанда, бұл  балалар қуанған күн болды.

Болат МӘЖИТ

Фото - автор

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы