АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНАН ЕКІБАСТҰЗҒА 500 ДАНА ЖЫЛЫТУ ҚҰРАЛЫ ЖӨНЕЛТІЛДІ

Уақыты: 30.11.2022
Оқылды: 1727

Бүгін Алматы облысындағы «ТЕХНОGRAD» компаниясы құны 11 миллион теңге тұратын 500 дана жылыту құралын Екібастұз қаласына жөнелтті. Естеріңізге сала кетсек, Екібастұзда қазандықтар істен шығып, қала жұрты әбігерге түсті. Бір сәтте бүкіл тұрғын үйлер мен мекемелер жылусыз қалды. Әсіресе, жас балалар мен қариялар, ауру-сырқаулар суықтан қиналды. Қала әкімдігі шұғыл шешім қабылдап, төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындарды басқа қоныстарға жөнелтіп, эвакуациялауға кірісті. Қазіргі таңда қазандықтарды жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Екібастұздағы апатқа байланысты республиканың бүкіл аймағы қол ұшын беріп, көмектерін аяп жатқан жоқ. Қайырымдылық шараға енді «ТЕХНОGRAD» компаниясы да қосылды. Аталған компанияның отандық нарықта жұмыс істеп келе жатқанына 20 жылдың жүзі болды. Бүгінде Қазақстан бойынша 12 филиалы бар. 450-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етуде.

«ТЕХНОGRAD» компаниясының директоры Зия Талғатов өздері қолға алған қайырымдылық шараның мазмұнын жиналғандарға түсіндіріп өтті.

–  Бір Отан, бір ел! Бұл айтылған сөз жай ұран емес. Екібастұз үшін жүрегі ауырған облыс жұртшылығы оны іс жүзінде дәлелдеді. Санаулы сәтте жұдырықтай жұмылды. Бәрі «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бір арнаға тоғысты. Бастарына түскен сындарлы сағатты екібастұздықтар қажымай-талмай, аман-сау өткізсе дейді. Арқасында алып ел, ақ ниетті ағайыны тұрғанын сезінсе екен дейді. «ТЕХНОGRAD» компаниясы да облыс әкімдігінің шақыруына қосылды. Оған өздеріңіз куә болып отырсыздар. Біз бұдан бұрын да қайырымдылық шараларынан қалған емеспіз. Мектеп жасауға, үй салуға өз үлесімізді қостық. Мешіт құрылысына демеуші болдық. Жағдайы төмен отбасыларын назардан тыс қалдырмадық. Компаниямыз әлемдік брендті иеленген техникалық бұйымдарды Қазақстанға әкеліп, оны топтастырып сатумен айналысады. Бұл – елге де, бізге де тиімді. Енді бөлшектеп сататын дүкендерімізді ашып жатырмыз. Халық аман болса, кәсіпкердің де ісі ілгері басады, – деді Зия Талғатов.

«ТЕХНОGRAD»-тың Алматы қаласындағы қоймасынан жылытқыш батереяларын тиеген қайырымдылық керуені солтүстікке қарай жол тартты. "Елі бардың қайыспайтын белі бар" деген тәмсіл жиналғандардың көңілін тербеп, жүрегін елжіретіп тұрды.

Болат МӘЖИТ

Фото - автор

Алматы қаласы