ШАМАЛҒАНДА МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ҚЫСҚЫ КИІММЕН ҚАМТЫЛДЫ - ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ

Уақыты: 08.12.2022
Оқылды: 2025

Шамалған ауылдық Мәдениет үйінің қызметкерлері «Жанашыр жүрек» атты қайырымдылық шарасын өткізді.

Шара аясында тұрмысы төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатқан шамалғандық 50 оқушы қысқы киіммен қамтылып, қуанышқа кенелді. Айта кетерлігі, бұл игі шараның өтуіне Қарасай ауданының Құрметті азаматы, Шамалған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Молбаев тікелей себепші болды.

Ауылдық Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиынға Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов, Қарасай аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Сағат Мәсімақынов және ауданның ақылман аналары Ақлия Бекбайқызы, Шара Қанатқұлқызы арнайы шақырылды. Салтанатты жиынның ашылуында Сағат Ұлтарақұлы сөз алып, ауылдастарына шамасы келгенше көмек қолын созған Амангелді Жебегенұлының  еңбегін жоғары бағалап, ол кісінің осы уақытқа дейін атқарған жұмысына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ақсақалға Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтің атынан Алғыс хат табысталды.

Ақтарылған ақ тілектерден кейін Шамалған ауылына қарасты мектептерде білім алып жатқан  аз қамтылған  отбасыларының мүшелеріне Амангелді Молбаев ақсақалдың демеушілігімен алынған қысқы киімдер үлестірілді. Олардың әрбірін сахна төрінде ата-әжелеріміз табыстап, жас жеткіншектерге жақсы оқып, еліміздің лайықты азаматы болып өсуіне тілектес екенін жеткізді. Шарада Қарасай ауданының Құрметті азаматы Серік Бакишев балаларға қайырымдылық пен қамқорлық танытқан Амангелді Жебегенұлының иығына шапан жауып, қуанышқа бөленген оқушыларды құттықтады. Қайырымдылық шарасы Мәдениет үйі өнерпаздары әзірленген концерттік бағдарламаға ұласты.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы,

Алматы облысы