Садақаны да сататын болдық па?

Уақыты: 27.05.2023
Оқылды: 1323

Садақа – сөзінің тілдік мағынасы шын ықыласпен сыйлау. Ислам діні  бойынша қайырымдылық мақсатында мұқтаж адамдарға берілетін  көмек. Садақа беру арқылы күнәсін жуу. «Садақаны сауыңда бер» деп қапыда келер көлденең кесапат, қиындықтардың алдын алу. Дегенмен де бүгінгі ортаға салып ой бөлісіп отырған садақа – қазақ танымындағы құдайы тамақ, ас беру төңірігенде болмақ.

Тірлігіміздің бастауы мен талқанымыздың таусылар сәтін біз біле алмаймыз. Бірақ өмірдің өтпелі екенін, шыр етіп жерге түскенде-ақ ажалды шаранамызбен бірге ала келгенімізді жақсы білеміз. Өйткені жарық сәуленің арасында да өлім шуағы бар екенін Жаратушы әр кез есімізге салып тұрады. Өлім барын сезінбесек, өмірге осыншама құштар болмас едік. Құдайға лайықты  құлшылық жасмасақ  та, соншалық атеист болсақ та, бақилық болған жақындарымызды ұмытпаймыз. Ол жақта қалай екені жайлы көптеген күмәнді сауалдарымыз көңілімізді алаңдатып тұрса да, бір көмегіміз болсыншы деп Құран бағыштап, дұға жасап, құдайы тамақ таратамыз. Осы жолда «Өлі разы болмай тірі байымайды» деген қағиданы қатты ұстанамыз. Аруақ разы болса бізді қолдайды деген сенім де жоқ емес. Осы «риза» сөзін қалай түсінеміз. Басына күмбез тұрғызып, қымбат тасқа суретін ойып басына қою ма? Жаназасында тіршілігінде кимеген қымбат киімдерді үлестіру ме? Ас та төк дастарқан жайып, қонақасын беру ме? Әлде жылқы сойып жылдығын өткізу ме?

Пайғамбарымыз Мұхаммед  (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Жан тәсілім болғаннан кейін мәйіттің дәрежесі көтеріледі.Сол уақытта мәйіт: «Я Раббым,бұл не себептен?», – деп сұрағанда: Бұған себепкер балаң. Ол сен үшін жарылқау тіледі», – делінеді. Яғни, Алла баласының дұғасын қабыл алып мәйіттің дәрежесін көтерді, сол себепті аруақ риза болды деп айта аламыз. Олай болса жақындарымыздың рухына Құран бағыштап, дұға жасап, ас беру үлкен сауаптың бірі. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Қандай үлкен сауапты амал бар» деп сұрағанда «Дастарқан жайып тамақ беруің» деген екен. Тамақты жоқ-жітік, мұқтаж адамдарға берсеңіз сауабы тіпті молынан болмақ. Әкелері ұрттап ішіп, шайқап төгуге мол жететін мал қалдырған байлар да, әлеуметтік жағдайы әлеңкедей жалаңдап, базардың бағасы үйдегі көңілін бұзып кедейліктің кісенін шеше алмай жүргендер де Алла разылығы үшін, кейбіреулері аруақ разы болсыншы деп ағайын-туыстың басын қосып, ас беріп жатыр. Алайда осы бір жақсы амалда пейілдерін пенделікке жеңгізіп алғандар да кездеседі. Бай деп бас ұрып, кедей деп кеудесінен итеріп ағайынын алалап шақырып, жақындарын жаралап жүргендерді де көрдік.

Біздің жақта «қырқы, асы, құдайы тамақ, шек» деп марқұмның артынан жайылған әр дастарқанның өзіндік атаулары бар. Ал батыс өңірлерінде осының барлығы «садақа» деген бірауыз сөзбен айтылады. Яғни, жайылған дастарқан ­­­­­– ­­­­­­­­­­­­­беріліп  жатқан садақа. «Аруаққа тие берсін» дегенді де жиі естіп жүрміз. Енді осы садақа бүгіндері қалай беріледі? Аруаққа не тиеді? Жақында бір досымыз анасының қайтқан күніне орай «шек» берді. «Шек» дегеннің не екені бөлек әңгіме. «Құдайы тамақ» деп айта берейік. Мыңғырған малы болмаса да жазда жайлауда, қыста қыстауда жекешелендірген жері бар, астық егіп қамбасын толтырып отырған техникасы да жетерлік. Қалада бірнеше мейрамханасы, басқа да дөңгелетіп отырған кәсібі бар кәсіпкер. Нәпақасын адал еңбегімен тауып, біраз адамға жұмыс беріп отырған азамат. Тоқсаннан асып өмірден өткен анасына Сағынайдың асындай ас беремін десе де неге олай істедің деп ешкімнің сөкпесі белгілі.

Дегенмен жақын ағайын-туыстары мен құда-жекжаттарын, өзім деген жанашыр достарының басын қосып, өз мейрамханасында 100 адамға дастарқан жайыпты. Құдайы тамаққа кешікпей барамыз ғой. Шақырған уақытында біз де жеттік. Мейрамхананың кіреберісінде тізіліп тұрған қонақтарды көріп ненің кезегі деп жақындап қарасам келгендер ақша өткізіп жатыр екен. Бір адам кім қанша бергенін дәптерге тәптіштеп жазып отыр. «Сонда Жаратқанның разылығы үшін беріліп жатқан құдайы тамақты ақшасын төлеп ішетін болғанымыз ба? Садақа беріп жатқан досым садақасын саудалап сатып жатыр ма?» деген ой келді. Бұл соңғы кезде барлық жерде кездесетін жағдай. Біреулер «Жағдайы жоқ адамдар құдайы тамақ бергенде көмектесіп жіберген дұрыс» деп айтады. Иә, қаза болған үйге көмек көрсеткен дұрыс. Солай болуы керек. Бірақ жағдайы жоқ болса ас бер деп ешкім мәжбүрлеп жатқан жоқ қой. Жалған намыстың жақсылыққа апармайтыны белгілі. «Алла Тағала тамақ жегізетін жомарт құлымен періштелеріне мақтанады» деген хадис бар.

Тамақ жегізіп ақшасын жинап алған адам жомарт па, сараң ба? Алла мақтай ма, әлде бетін аулақ қылсын, лағынеттей ме? Біз ақша жинап беріп барлық сауаптарынан айырып жатқан жоқпыз ба? Құдайы тамақ берудің басты құндылығы ұмытылып, «Пәленшенің баласы пәленбай адамға дастарқан жайыпты» деген бірауыз мақтан үшін жасалатын амалға айналды ма? Садақа жайында Құран кәрімнің Тәубе сүресінде (104 аят): «Олар, құлдарының тәубесін қабыл етіп, садақаларын қабылдайтын Ол Алла ғана екенін білмей ме?» деген аят бар. Яғни біз кімге қандай садақа берсек те негізгі қабылдаушы Алла екен.Олай болса құдайы тамақ деп Жаратушының атынан беріп жатқан садақаңызды сатқандай қылып, ақшасын жинап алсаңыз қаншалықты қабыл болады? Алла ниетіңізді қабыл етпесе аруаққа тиетіні не? Қаншалықты разы болады?

 Жақында ғана Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліұлы Талдықорғандағы халықпен кездесуінде: «Құнанбай қайтыс болғанда Абай әкесіне арнап ас бермепті. Ағайын-туыстары «Жағдайың жоқ болса сойыс малын біз жинап берейік» деп реніш білдіріпті. Алайда, Абай ешкімді тыңдамай асқа кететін барлық шығынды есептеп, қаржысын Семейде оқып жатқан медресе шәкірттеріне бөліп беріпті» деген дерекпен бөлісті. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абай ненің сауап екенін қандай амал марқұм әкесінің дәрежесін көтеретінін жақсы білгеннен солай істеді деп ойлаймыз.

Осындай жақсы істі жалғастырып, көпшіліктің көңілінен шығып, игі бастамаларымен үлгі болып жүрген азаматтарымыз бүгінде бар. Жақында Талдықорған қаласының тұрғыны Қайрат Қазыкенұлы әпкесінің рухына бағыштап ас берді. Астың ерекшелігі, бір туған ағайындары мен отбасылық дос-жарандарын және мешіт имамдарынан арнайы тізім алып, көпбалалы жән аз қамтылған отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі мұқтаж жандарды шақырып, 100 адамға дастарқан жайды. Қонақ қылып күтіп, сыбағаларын да салып берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қонақ дастарқанда отырғанға дейін періштелер үй иесіне дұға етеді» дейді. Міне, осындай періштелер дұға етіп жатқан дастарқанда оқылған Құран, тілеген тілек-дұғалар сөзсіз қабыл болады деп сенеміз. Осындай үлгі алатын өнегелі істер бәрімізге жұғысты болсын!

Әрине, құдайы тамақты қалай, кімге беруді әр адам өзі біледі.  Садақаны сатып аласыз ба, тегін таратасыз ба – ол да өз еркілеріңізде. «Байдың малын байғұс қызғанады» деген мақал бар. Мен сіздердің беріп немесе алып жатқандарыңызды қызғанып, өнбес дауға өндіршек созып отырғаным жоқ. Өткенімізді қаузап, ертеңімізді екшеп, дәнді қауызынан ажыратып алайық деген ниетпен ой бөлісу.

Жұмахмет Жайлаубаев,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Сурет ғаламтордан алынды