Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 6 балаға баспаналы болды

Уақыты: 05.06.2023
Оқылды: 776

Көксу ауданының әкімі Марлен Көлбаевтың 6 балаға баспана кілтін табыстады.

«Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» деген мәтелді өмірдің өзінен түзген текті халықтың бүгінгі буыны да жақсылық жасаудан кенде емес. Пешенесіне жазылған қиыншылықты еңсеріп, өзін қоғамға лайық етіп тәрбиелеп келе жатқан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалса да өмірден өз еншісін алуға талпынған 6 балаға баспана кілті табыс етілді. 

Мемлекеттік тұрғын үйлерге тексеріс жүргізу кезінде түрлі себептермен мемлекеттің тұрғын үй қорына қайтарылған пәтерлер салтанатты түрде жастарға табысталды. 

Осынау қуанышты сәтте сөз алған аудан әкімі алдымен өскелең ұрпақты мерекемен құттықтап, ел үшін қызмет етуді мақсат ету керектігін жеткізді. Мемлекеттің гүлденуі әрбір жастың елім деп төккен теріне байланысты екенін қадап айтты. Сонымен қатар, пәтер иелеріне шаңырақ шаттығы баянды болсын деп тілектестік білдірді. 

Айта кетейік, аудан бойынша 1300-ге жуық адам баспана кезегінде тұрса, оның 81-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Көксу ауданы