Ізгілік жолы

Уақыты: 28.02.2018
Оқылды: 3294

«Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)», – дейді қасиетті  Құран Кәрімде.

Әрбір иманды жанның осы аяттан алатын ғибраты мол. Қоғамда да күнделікті жиі қолданылып отыратын дана сөздердің бірі – «Кең болсаң, кем болмайсың». Мәніне үңілсеңіз, адам бойындағы жомарттық, қайырымдылық қасиеттердің қаншалықты маңызды екенін меңзеп отыр. Ауданымыздағы мешіт тұрмысы төмен отбасы мүшелеріне көмек қолын созып, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды үзген емес. Адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – халқымыздың мақтан етерлік дәстүрлерінің бірі. Осыған орай ауданымыздың бас имамы Анарбай Мәнбетовтің ұйымдастыруымен бірнеше қайырымдылық шара өтті. Ең бірінші Көкөзек ауылындағы Қ.Терібаев атындағы орта мектепте жоғары сынып оқушыларымен кездесу болды. Онда дін мен дәстүр сабақтастығы бойынша және түрлі ағымдардың елімізге төндіретін зияндығы жайлы Талдықорған өңірлік ҚМДБ өкілдігінің найб имамы Керімбек Дауытов түсінік пен мағлұмат берді. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Кездесуден кейін аудандық мешітте қайырымдылық шаралары жалғасты. Жағдайы төмен отызға жуық отбасына бір қаптан ұн таратылды. Содан соң «Темірлан» кафесінде көпбалалы 35 анаға арналып дастарқан жайылды. Онда ислам дініндегі бала тәрбиесі жайлы уағыз-насихат айтылып, азық-түлік үлестірілді. Ары қарай қайырымдылық шарасы аудандық орталық ауруханада жалғасып, емделіп жатқан науқас жандардың халдерін сұрап, Алладан тез сауығуларын тілеп, жеміс-жидектер мен тәттілер үлестірілді.
Сондай-ақ, «Ақ-Нар» мейрамханасында 30 шақты мүмкіндігі шектеулі жанға дастарқан жайылды. Аудандық Қобызшы Молықбай атындағы Мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашса, Ақын Сара атындағы Мәдениет үйінің биші қыздары мың бұрала би биледі. Келген зағип жандар мен олардың ата-аналарының көңілдеріне қуаныш сезімі ұялады. Оларға да тәттілер мен жеміс-жидектер және ақшалай көмек көрсетілді. Сонымен қатар, Е. Сиқымов атындағы орта мектеп-интернатында қыздар арасында волейболдан жарыс өтті. Онда жеңген командаларға сыйлықтар мен грамоталар табыс етілді.

Ләззат ҚАСЫМБЕКОВА
Ақсу ауданы