ТАМАША ТАРТУ 

Уақыты: 01.03.2018
Оқылды: 1672

Алғыс айту күні мерекесіне орай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұжымы «Шапағат» Текелі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, мекеме тұрғындары мен ұжымынына «Қарттарым-қазынам» атты қайырымдылық концертін тарту етті. Мерекелік іс-шараны  облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас маманы  Сәуле  Сұрабалдинова  құттықтау сөзімен ашты. 

– 2016 жылы Елбасының Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні болып бекітілді. Бұл мереке біздің ортақ тарихымыздың символы, Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігінің, береке мен ынтымағының күні. Бұл – Ұлы Дала елінің ұлағатты өткеніне тағзым, Мәңгілік Елдің бүгініне және болашағы біртұтас елдің ертеңіне деген нық сенім. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен бекітілген Алғыс айту күні бейбітшілік пен келісімнің жарқын көрінісіне айналды. Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында ел ішінде қалыптасқан өзара түсіністік пен бір-біріне қолдау көрсету еліміздің,  Қазақстандай үлкен отбасының рухани қағидаты болып қалыптасты. «Қазақстандағы көпэтностылық елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға серпін берді. Себебі, тәуелсіз мемлекеттің әл-ауқатын арттыру жолында қазақстандықтар хал-қадерінше жұмыла еңбек етті. Яғни қиын-қыстау кезеңде қазақ жерінен пана тапқан түрлі ұлт өкілдері Алғыс айту күнінде Қазақстанға деген өз ризашылық сезімдерін білдіре алады. Себебі, бұл күн Қазақстан халқы тарихы мен бірлігінің нышаны, – деп атап  өтті  ол. 
– Дана халқымыз «Қарты бар үйдің – қазынасы бар», – дейді. Осылайша, қазақ халқы көнеден бері, қарияларын асыл қазынаға теңеп, қадір тұтқан. Халқымыздың тәлім-тәрбиесі ананың ақ сүтімен, әже өнегесімен, аталар ақылымен беріліп, өзіндік қасиетімізді қалыптастыру көзделген. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз. Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата-ананың алдында адамның парыз-міндеті өлшеусіз. Өмір оты ерте өшірілмесе, адам баласының қартаюы табиғи заңдылық. Қарттардың тілегі – ел амандығы, жұрт тыныштығы. Олар бүгінгісін ғана ойламайды, өткен өмір жолын зерделеп, алдын болжауға тырысады. Қарттар – кісіліктің төресі, – деп  пікірін пайымдады Сәуле Алханқызы.
Содан, соң ән мен биге кезек беріліп, жиналған қариялар өнерпаздардың орындауындағы асқақтаған ән мен күмбірлеген күйлерді  зейін қоя тыңдап, мың бұралған бишілердің шеберліктеріне тәнті болып, қол соғып, қошемет көрсетіп отырды. Тіптен, кейбір сәттерде саз ырғағына еліктеген қарттар ортаға шығып, өздері де биге араласып, қосыла ән салып  жатты.
Аталмыш мекеме ұжымына тамаша  тарту ретінде көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған қызықты концерттің соңында тұрғындар атынан Людмила Лутошкина сөз сөйлеп, шексіз алғысын білдірсе, Қуаныш Әлкенов ақсақал көпшілікке ақ батасын беріп, ақ жол тіледі.

Шора БАТЫРБАЕВ
Текелі қаласы