АРДАГЕРЛЕРГЕ ТАҒЗЫМ

Уақыты: 10.06.2024
Оқылды: 502

9 маусым – Германиядағы Кеңес әскери тобының құрылған күні. Осы айтулы күнге орай Талдықорғандағы Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармонияда ел боздақтарын еске алуға арналған шара өтті.


«Мәңгілік алау» маңына жиналған жұртшылық алдымен соғыста қаза болған жауынгерлерге гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады. 

Шарада  «Германиядағы Кеңес әскери тобы мен Варшава келісімшарты әскери тобы ардагерлері» Жетісу облыстық филиалының төрағасы Тілек Байқадамов:
– Біздің қоғамдық бірлестік 2022 жылы наурыз айында құрылды. Басты мақсатымыз – жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беріп, отансүйгіштік қасиеттерді бойына дарыту. Болашақ жастардың қолында. Сондықтан біз Ауған, Чернобыль соғысы ардагерлерімен бірігіп, жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеп, еліміздің көркеюі, Жетісуымыздың жайқалуы үшін еңбек етуге бар күшімізді саламыз, – деді.

Жиын барысында бірқатар ардагерлерге Германиядағы Кеңес әскери тобы мен Варшава келісімшарты әскери тобының төсбелгісі табысталып, қоғамдық бірлестікке алынды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Бауыржан ҚАСЫМХАН, 
ЖУ студенті