Азаматтарды қабылдады

Уақыты: 03.04.2018
Оқылды: 1329

«Нұр Отан» партиясы Қарасай аудандық филиалында облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов түйткіл мәселелерінің түйінін шеше алмай жүрген тұрғындарды қабылдады. Бұл шараға аудан әкімі Махаббат Бигелдиев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Айтбай Көшкімбаев қатысты.

Бірінші болып қабылдауға келген Іргелі ауылының тұрғыны  Сәкен Елеуов өз тарапынан балаларға арналған ойын алаңын салу үшін  жер телімін алуға қолғабыс етуін өтінген. Бүгіндері арнайы ойын алаңының болмауынан бүлдіршіндер тар аулаларда, кейде көлік жолына шығып ойнауға мәжбүр. Ауылдағы бос жатқан жерді заңдастырып берсе өз қаражатына футбол, волейбол, баскетбол ойнауға арналған алаң салуға дайын екенін айтқан Сәкен Елеуов осы мәселені шешуге көмек сұраған. Сұлтан Мырзабекұлы балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізудің, спортпен айналысудың қажеттілігіне тоқтала келіп, Іргелі ауылының әкімі Қыдырбек Атшабаровқа жер телімін бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Елтай ауылдық округіне қарасты Қаратөбе ауылының тұрғыны Шәрипа Бекшойынова 2014 жылы алған, тұрғын үй салуға арналған учаскесін заңдастыра алмай жүргеніне шағымданса, Әйтей ауылындағы “Арай” саяжайында тұратын Назымгүл Бейсенбекова жұмысқа орналасуға жәрдемдесуін өтінген. 2017 жылы колледж бітірген жас қыз  экономист-бухгалтер мамандығы бойынша жұмыс істегісі келеді. Ал Райымбек ауылдық округінде жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жүрген Мұрат Бауыржан болашақта мемлекеттік қызметке орналасуға мүдделі екенін жеткізді. 
Қабылдауға қатысқан тиісті округ әкімдері және мекеме басшыларымен кеңесе келіп Сұлтан Мырзабекұлы азаматтардың өтініш-тілектерін орындауды жүктеді.

Қ. ӘБІЛ
Қарасай ауданы