Жуырда Сарқан қаласының облыстық № 3 арнайы мектеп-интернатында «Мейірімді жүрек» қайырымдылық акциясы өтті. Жоғарыда аталған іс-шара аудан әкімінің қолдауымен әрі білім ордасы басшылығының бастамасымен ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Алмас Байғұнысов, аудандық ардагерлер ұйымының өкілдері, өңірге танымал кәсіпкерлер, мекеме-ұйым басшылары қатысып, шәкірттерге арнайы әзірлеген бағалы сыйлықтарын табыстады.
Акция барысында мектептің фойесінде оқушылардың өз қолдарымен әзірленген қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылып, барлық қажетті жағдайлармен жабдықталған сынып бөлмелері қонақтарға таныстырылды. Сонымен қатар мұнтаздай жиналып, дайындалған білімпаздар демалатын төсек-орындар да келушілер назарынан тыс қалмады.
Мектеп-интернат ауласында арнайы дайындалған сахнада кеш жүргізушілері оқушылардың қатысуымен дайындалған концерттік нөмірлерді көрермендер назарына ұсынды. Бастауыш сынып оқушыларынан құрылған «Меруерт» би тобы қызылды-жасыл көйлек киіп, «Гүлдер» биін мың бұрала билесе, мектеп ұстазы Индира Елубаева «Ата-ана үшін ғұмыр бер, Алла» әнін нақышына келтіре шырқады.
Арнайы әзірленген концерттік бағдарламаның соңында мектеп-интернат басшысы Бақытгүл Сәрсембаева осынау қайырымдылық акциясына атсалысып, демеушілік көмек көрсеткен қайырымды жандарға Алғыс хат табыстаса, өңірге танымал бапкер Жандос Хабдулиннің баптауындағы болашақ спорт сайыпқырандары джиу джитсу сайысынан шеберлік сағатын көрсетті.
Өз салалары бойынша жетістікке жетіп, ел алғысына бөленіп жүрген осындай аға-апаларының өздеріне деген қамқорлығын сезініп жүрген мектеп-интернаттың жеткіншектері келешекте ел қамын күйттейтін, қайырымды болуға барынша тырысатын ұлағатты ұрпақ болып ержетері даусыз.
Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың игі дәстүрі қазіргі кезде жанданып, өз жалғасын тауып келеді.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы