Ерекше жандарға құрмет

Уақыты: 15.10.2024
Оқылды: 332

Қазан айының екінші жексенбісі елімізде мүгедектігі бар азаматтардың күні болып белгіленген. Сондай жандардың құрметіне бүгін Талдықорғанда І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында мерекелік жиын өтті.

Іс-шара алдымен әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы бейнефильмнің көрсетілімімен басталды. 

Бұл мереке бірінші кезекте мүгедектігі бар адамдардың түйткілді мәселелеріне қоғам назарын аударуға, олардың өмір сүру сапасын жақсартып, құқықтарын қорғауға бағытталған. 

– Ерекше жандар тағдыр тәлкегіне ұшыраса да сағы сынбай, түрлі салада еңбек етіп, жетістіктерге қол жеткізуде. Барша әлеуметтік сала мамандарының атынан  ерекше жандарға амандық тілеймін. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер, – деді «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі Жетісу облыстық филиалының төрағасы Әлікен Дәркенбаев. 

Жетісу облысында жалпы 19 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады. Әлеуметтік қолдау және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының және басты міндеттерінің бірі.

Айта кетейік, Мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай қазан айының басынан гір көтеруден, дойбы, шахматтан турнир, голбол ойыны, иппотерапия күні, мүгедектігі бар азаматтарға арналған бос орындар жәрмеңкесі, қолөнер бұйымдары көрмесі, «Бақытты балалық шақ» атты іс-шаралар өтті. 

Аталмыш мереке аясында Жетісу облысы әкімінің Алғыс хаттарымен әлеуметтік саланы дамытуға қосқан үлесі, қоғамдық қызметпен белсенді айналысқаны, өз бизнесін дамытқаны, халықты әлеуметтік қорғау саласында жетістіктерге жеткені үшін  мүгедектігі бар азаматтар және үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері марапатталды.

Айғаным Айтмұхан