Қайырымдылық – қайырлы іс

Уақыты: 29.10.2024
Оқылды: 479

Қымбатшылық қысқан бүгінгі таңда мұқтаж жандарға көмек қолын созу әрбір жанның азаматтық борышы.

Осыған байланысты, Талдықорғандағы Семей полигоны Жетісу облыстық мүгедектер және ардагерлер бірлестігінің ұйымдастыруымен арнайы қайырымдылық шарасы өтті.

Шара барысында бірлестік жетекшісі Толыбек Данабековтің бастамасымен аймақтағы тұрмысында қиыншылығы бар бірнеше отбасына көмір, ұн, май, күріш басқа да көкөністер мен қажетті азық-түліктер таратты.

Толыбек Сүлейменұлының сөзінше, Жетісу облысындағы Семей полигоны мүгедектер және ардагерлер бірлестігі құрылғалы 15 жылға жуықтаған. Қазір Талдықорған қаласында ұйымға мүше Семей және Чернобыль апат аймағында болған 200-ден астам ардагер тұрады. Олар аймақтағы әр түрлі қайырымдылық шараларына белсене атсалысумен қатар ұлттық салт-дәстүрді кеңінен дәріптеп, жастарға үнемі патриоттық тәрбие берумен айналысып келеді.

 – «Қазір аймақта мұқтаж жандар аз емес. Оның үстіне бүгінде зат бағасы күннен күнгі шарықттап барады. Осындай қиын-қыстау кезде мұқтаж және мүмкіндігі шектеулі адамдарға қол ұшын беру ауадай қажет. Біз бүгін Талдықорған қаласындағы біраз отбасына барып, хал-жағдай сұрап, өз көмегімізді көрсетіп қайттық. Олардың арасында асыраушысынан айырылған ардагерлердің жанұясы басқа да көпбалалы және аз қамтылған отбасының мүшелері бар. Соның ішінде кейбір жанұяның жағарға отыны да қалмаған. Оларға бірлесіп көмір түсіріп, оқушы балаларына киім-кешек және оқу құралдарымен басқа да азық-түлік сатып алып бердік» –дейді ұйым төрағасы.

Жалпы қайырымдылық – қайырлы іс. Сөз кезегінде көмек алған әр шаңырақтың адамдары қайырымды азаматтарға өз ризашылығын білдіріп, ақжарма тілекпен алғысын жеткізді.

                                                                           Айдын КӘЛІМХАН