200 баланы қуантты

Уақыты: 27.08.2018
Оқылды: 1465

Бүгінде бір баланың өзін мектепке дайындау ата-анаға әжептәуір салмақ түсіретіні анық. Ал отбасында бірнеше бала болса ше? Әлбетте, мұндай жағдайда әке-шеше барлық баласын бірдей жаңа оқу жылына сақадай сай етіп даярлай алмай қалуы мүмкін. Бұдан басқа да әлеуметтік көмекті қажет ететін тұрмысы төмен отбасы мен жетім, жартылай жетім жеткіншектер бар. Оларға да көп болып көмек көрсету парыз. Осыған орай жыл сайын ел көлемінде «Мектепке жол!» атты республикалық акциясы өткізіліп келеді.    1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығын қамтитын акцияға мекеме, ұйымдар, демеуші азаматтар, дін өкілдері үлес қосуда. Сондай қайырымдылық шарасы Талдықорған қаласындағы облыстық орталық «Иман» мешітінде өтті. 

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Талдықорған өңірі бойынша өкілдігі «Уақып», «Зекет»  қайырымдылық қорларымен бірігіп, 200-ге жуық баланы мектепке қажетті заттар және сөмкемен қамтыды. Ізгілікті шарада Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Талдықорған өңірі бойынша өкілі, орталық «Иман» мешітінің бас имамы Ардақ Нүсіпханұлы сөз сөйледі.
– Мұндай игілікті шара облыс орталығында ғана емес, барлық аудандық, ауылдық жердегі мешіттерде де өтуде. Дін өкілдері «Мектепке жол!» акциясына өз тарапымыздан атсалысып, балаларды оқуға даярлауға өз үлесімізді қосып келеміз. Бұл үшін бізге мемлекеттен қаржы бөлінбейді, осында жиналған халықтың қаражатын осындай жолмен өздеріне қайтарып беріп, дінде жүрген азаматтарымыздың да үлес қосуымен бүгін 200-ге жуық баланы мектепке қажетті құрал-жабдықпен қамтып отырмыз. 1 қыркүйекке дейін тағы 70 балаға оқуға қажетті заттар табыс етеміз, – деді. Сондай-ақ, бас имам мешітке өтініш жазып, көмек сұрап келген жандарға киім-кешек, азық-түлік, отын-көмірмен көмектесіп, қолдарынан келгенше қамқорлық жасап келе жатқандығын да жеткізді. 
Талдықорған қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Әмір Тұяқбаев та сөз алып, қала бойынша 3200 аз қамтылған отбасынан шыққан жеткіншек барын, соның 2300-ден астамына «Мектепке жол!» акциясы аясында көмек көрсетіліп жатқандығын атап өтіп, балаларды үлкендердің ақ үмітін ақтап, жақсы оқып, білім алуға шақырды. 
Әрбір оқушының жас ерекшелігіне сай таңдалып, табыс етілген мектеп сөмкесін арқалаған балғындардың қуанышында шек болмады. Балалармен бірге ата-аналары да көздеріне жас алып, шынайы алғыстарын білдіріп жатты. 
Қайырымдылық шарасы тек мектеп құралдарын табыс етумен ғана шектелген жоқ. Балдырғандарды тәтті балмұздақтар жеп, қызықты ойындарға қатысты. Қамқор жандардың шынайы ықылас- пейілдеріне шомылған балалардың қуанышы бал-бұл жанған жүздерінен көрініп тұрды.

Алма ЕСЕНБАЕВА