"Уақ" қоры қуантты

Уақыты: 29.08.2018
Оқылды: 2121
Жүйелі жұмыс атқарып келе жатқан республикалық «Уақ» қайырымдылық қоры кеншілер қаласына ат басын бұрды. Имамдарды жалақымен қамтып, мұқтаж жандарға қол ұшын созбақ ниеттегілер Текелі тұрғындарының қуанышын арттырды. «Керімбек би» мешітіне жиналғандар «Мектепке жол» акциясының шарапатына бөленіп, балалардың оқу жылына дайындығын нақтылады.
Текеліге алғаш табан тіреген аталмыш қор президенті Қайрат Айтбай мен кәсіпкер, Оңтүстік Қазақстандағы кілем шығаратын «Балл Текстиль» фабрикасының директоры Талғат Искаков балдырғандар бақытын еселеді. Қайырымдылық, жақсылық жасау жолында күш біріктіргендерді қала әкімі Бақтияр Өнербаев қарсы алып, арнайы келген қонақтарға алғысын жаудырды. Қайырымдылық жалауын желбіреткендерге Бақтияр Әлтайұлы ақ тілегін арнап,  еліміздің түкпір-түкпірін аралап, кеншілер қаласына келгендерге қошемет білдірді. Өз кезегінде сөз алған Қайрат Орынтайұлы аталмыш акцияның ірі қалалардан бастау алып, бүгінде Кентау, Қаратал сынды моноқалаларда жалғасын тауып жатқандығын жеткізді. 
Сарқылмас күш пен таусылмас қайрат иесі жастарға үнемі қолдау көрсетіліп, көмек түгесілмеуі тиіс. Осыны мақсат еткендер Текелі қаласының 20 оқушысына сөмкеден бастап мектеп құралдарының барлығын алып келіпті. Ал аталмыш сыйлыққа қол жеткізетіндердің тізімін мешіт имамы Аман Айтбосынұлы дярлап берген. Оның айтуынша, қала бойынша әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар мешітте арнайы тіркеуде тұр екен. Енді, міне, сол тұрғындардың біразы бүгінгі шараға шақырылған. Бірақ жұрттың көзінше есімін жариялаудан жасқанып келмегендері де жетерлік. Бас имамның айтуынша, бұл арада қысылатын ештеңе жоқ, керісінше, республикалық шара шапағатына бөленгендер шаттануы тиіс. 
Бүгінгі таңда қор тарапынан республика көлемінде 355 имамға жалақы дайындау мәселесі толық шешілген. Қор төрағасының сөзіне сүйенсек, келер жылы бұл сан облыс,  қала, аудан әкімдерінің, ірі кәсіпкерлердің  қолдауымен біраз деңгейге өспек. Келер жылдан бастап қайырымдылық қоры көптеген түйткілді мәселенің түйінін тарқатпақ. 
Жабдықтарын сайлап, енді тек оқуды ойлап отырған оқушылардың көзіндегі қуаныш жанымызды жылытты.
 
Құралбек  СӘБИТОВ