КОРОНАВИРУС: АЛАКӨЛ АУДАНЫНДА ТЕГІН БЕТПЕРДЕ ТАРАТЫЛДЫ

Уақыты: 30.03.2020
Оқылды: 1334

Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен Жетісу жерінде түңлігін көтерген тегін бетперде тігу және халыққа тарату ісі Алакөл ауданында да жалғасын тапты.

Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен өңірімізде мың дана қорғаныш бетпердесі таратылып, жұрт риза болып қалды. Себебі, барлық жерлерде бетперде тапшылығы мен жетіспеушілігі орын алып, бір реттік бетперденің құны да көтеріле бастаған. Ал жастардың игілікті ісінің басты мақсаты көпреттік бетперде тігіп, сырқаттың алдын алу және ретсіз ақша жұмсауды тыю болып отыр.

Бір айта кетерлігі бұл іске Алакөл ауданындағы «JJ» фитнес орталығы да атсалысып, өз тараптарынан 100 бетпердені халыққа тегін таратты.

- Шынымен қуанып қалдым. Қаншама бала-шағамыз бар?! Бар ақшамыз перзенттерімізді асырап-жеткізуге, олардың киім-кешегі мен азық-түлігіне кетеді. Одан қалса несие, коммуналдық төлемдерге жұмсалады. Сөйтіп, жалақымыздың қайда кеткенін де білмей қаламыз. Енді, міне, коронавирус дейтін кесел де елімізге еніп, көпшілікті бір дүрліктіріп қойды. Ең алдымен бетперде тапшылығы және оның бағасының өсуі белең алды. Бұл ретте жастардың бастамасын өте орынды деп білемін. Қаражатымыздың үнемделуіне және көпреттік бетпердені пайдалануға қолғабыс етіп, бізді бір қуантып қойды, - дейді көпбалалы ана, Үшарал шаһарының тұрғыны Алмагүл Бейсенова.

Аудан аумағында екі жыл шамасында өзінің қайырымдылық істерімен көрініп жатқан «Бір арман» еріктілер тобының мүшелері де қарап қалған жоқ. Тұрғындардарға тегін бетперде жеткізуді ойлаған олар кәсіпкерлермен келісе екі тігін машинасын сатып алды. Жуырда қажетті материалдар алу үшін қалталы азаматтармен келіссөздер жүргізілуде. Артынша еріктілер тобы бетперде тігуге кірісіп, халықтың бір жағына шығыспақ.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы,

Алматы облысы