"АС-СУЫМДЫ АЛЫП КЕЛДІМ": ТҮНДЕ ЖАСАЛҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ

Уақыты: 31.03.2020
Оқылды: 1219

Талдықорған қаласында орналасқан, 24 сағат жұмыс істейтін төрт санитарлық бекет қызметкерлеріне тегін ыстық тамақ таратылды. Игі іске мұрындық болған - «Jas Otan» жастар қанаты Алматы облыстық филиалы мен аймақ еріктілері.

«Biz Birgemiz» акциясы аясында бұдан өзге де шаралар іске асуда.

Халыққа бетперде, азық-түлік таратылып, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға жан-жақты көмек көрсетілуде. Өз еркімен 60 адамның ас-суын әзірлеген кәсіпкер Салтанат Ақболтова:

– Өкінішке қарай, қатерлі індет Қазақстанды айналып өтпеді. Бүгін «Jas Otan» жастар қанатының бастамасына қолдау танытып, мен де сол акцияға тамшыдай үлесімді қосқым келді. Сіз үшін, біз үшін 24 сағат бойы еңбек етіп жатқан қызметкерлерге ыстық ықыласымды білдіріп, ас-суымды алып келген жайым бар. Осындай игі іске әрбір қазақстандықты шақырамын. Біз біргеміз. Бәрі жақсы болады, – деді.

Ал «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев болса, аталмыш акция Жетісу жерінде ғана емес, Қазақстанның барлық аймағында іске асып жатқанын айта келе:

– «Біргеміз» деген сөзді дұрыс түсінуіміз керек. Халқымыз айтылып жатқан жайттарға құлақ асып, тәртіпке келіп, осы індеттің ары қарай, елімізге, жерімізге тарамауына көңіл бөлсе, нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, біз бұл індетті бірігу арқылы жеңеміз. Қазақ халқы аман болсын, – деп он күннің ішінде шамамен 700-800 адамға көмек беріліп, 7-8 миллион теңге көлемінде азық-түлік жеткізілгенін тілге тиек етті.

Қалаға кіріп жатқан көліктер көп. Олардың әрқайсысын тексеріп, адамдардың ыстығын өлшеу оңай шаруа емес. Қысыл-таяң шақта денсаулық сақтау, полиция, Қарулы Күштер саласында тынбай еңбек етіп жатқан қызметкерлерге барынша қолдау көрсету керектігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та тапсырған болатын. Сондықтан, ең алдымен тәртіпке бағынып, аурудың алдын алуға ықпал ету қажет.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы