ТАЛДЫҚОРҒАН МЕШІТІНДЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРАПТАРЫ ТАРАТЫЛДЫ

Уақыты: 03.04.2020
Оқылды: 1410

Жетісу жерінде жалғасқан «Жүрек жылуы» атты республикалық акция аясында мұқтаж, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға азық-түлік таратылуда. Талдықорған орталық «Иман» мешітінен 150-ге жуық қорап үйді-үйге жеткізілді.

Қазір жиналған қор 400 отбасыға арналған. Бұл игілікті іс кейінгі уақытта да жалғаса береді. Бір қораптың ішіне асбұршақ, түтік кеспе(макарон), қарақұмық, ұн, шай, сұйық май, күріш, қант секілді аса қажетті азық-түлік салынған. Қорап мешітке келіп түскен өтініш бойынша және қала әкімдігінде тізімделген отбасыларға таратылады. Қайырымдылыққа қала тұрғындары ғана емес, аудан, ауыл адамдары да өлшеусіз үлес қосуда.

– Ең әуелі Алла Тағаладан еліміздің амандығын сұраймыз. Басымызға түскен қиындық тез арада елімізден кетсін деп тілейміз. Осындай қиын-қыстау кезде қанша уақыттан бері мешітке келушілер тоқтаса да, құлшылық, ғибадат, жамағатпен намаз оқылмаса да, қиналған халыққа қол созу тоқтатылмады, – деген Талдықорған өңірінің өкіл имамы Ардақ Оразбаев қайырымдылық шарасы аймақтың барлық аудан, қалаларында іске асып жатқанын айтты. – Алла Тағаланың сүйікті елшісі, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Мұсылман адам өзі үшін жақсы көрген нәрсені, өзге үшін де жақсы көрмейінше, ол толық мұсылман болмайды», – деді. Кімде-кім қиналған адамға қол ұшын беріп, қиындығын сейілтсе, Алла Тағала оның оның басындағы қиындығын сейілтеді. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының тікелей бастамасымен «Жүрек жылуы» атты республикалық акциясы жүріп жатыр. Қайырымдылыққа қол созып жатқан халықтың өзі.

Өңірдің өкіл имамы өз сөзінде елімізде ғана емес, әлемде орын алып жатқан жағдай кезінде халықты бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір атаның баласындай атсалысуға шақырды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы