"КӨҢІЛГЕ ДЕМЕУ": АУЫЛ МҰҒАЛІМДЕРІ "БІЗ БІРГЕМІЗ!" АКЦИЯСЫНА ҚОЛДАУ ТАНЫТТЫ

Уақыты: 25.04.2020
Оқылды: 1621

Жақсылық, қайырымдылық қай кезеңде де адам баласына тән қасиет болған. Жақсы ниет жақсылыққа жетелейді. Ел басына түскен қазіргі қиын-қыстау кезең Еңбекшіқазақ ауданындағы шағын ауыл – Сарыбұлақ орта мектебінің ұстаздарының бойына күдік пен қорқыныш ұялатса да, қиындыққа қарсы тұра білді.

Қашықтан оқытуға тез бейімделіп, қайырымдылық іс-шараларды да назардан тыс қалдырмады. Мектеп ұстаздарының ұйымдасуымен қолдан бетперделер тігіп, ауыл тұрғындарына таратудан басталған қайырымдылық шарасы көпбалалы, аз қамтылған отбасыларына азық-түлік үлестірумен жалғасын тапты.

Қоңыртөбел тірлігі бар шағын ауыл ұстаздарының «БІЗ БІРГЕМІЗ!» қайырымдылық акциясы қоғамға теңізге құйған тамшыдай ғана үлес қосқанымен көмек алған отбасы мүшелерінің жүзінен ризашылық белгісі төгіліп тұрды. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін», – деген сөз бар болса да, жақсылардың жақсылығын айта өтіп, ризашылық білдіруді жөн көрдім. «Басыңа іс түссе, жақсы көмек етеді, жаман күліп кетеді» демекші, ұстаздардың еңбекақысынан құралған азын-аулақ көмек қолы көпбалалы отбасыларына жылдық азық болмаса да, саналарға үрей мен үміт қатар ұялаған сындарлы сәтте көңілге демеу, жүрекке медет болғаны анық.

 

Он адам жүрген жерде із қалады,
Жүз адам жүрген жер – соқпақ,
Мың адам жүрген жерде жол қалады,
– демекші, Тоғжан Әлібайқызы бастаған Сарыбұлақ орта мектебінің ұстаздары өз шәкірттеріне із қалдыра алғандықтары үшін аналық алғысымды білдіремін.

Қай кезде де ауызбіршілікте жүйелі жұмыс атқарып отырған Сарыбұлақ мектеп ұжымына алдағы уақытта амандықпен алтын ұя мектебімізде шәкірттерімізбен амандықта жолығуға жазсын деген тілек білдіргім келеді. Осы сәтті пайдалана отырып, Сарыбұлақ тұрғындарына мектеп ұстаздарының «БІЗ БІРГЕМІЗ!» сәлемін жолдауды жөн көрдім.

Әсел СЕРІКҚЫЗЫ,

Сарыбұлақ орта мектебінің педагог ұйымдастырушысы

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды