КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА КӨМЕКТЕСТІ

Уақыты: 28.04.2020
Оқылды: 1202

Алматы облысының криминалдық полиция қызметкерлері зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетті. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полицейлер «Біз біргеміз!» акциясын жалғастырды. Акция аясында Алматы облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері зейнеткерлерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетті.

- Біз халықтық акцияны үлкен ықыласпен қолдаймыз. Талдықорған қаласында тұратын көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерге, өмірдің қиын жағдайына тап болған жалғыз басты аналарға  азық-түлікпен көмек көрсету туралы шешім қабылдадық. Карантин режиміндегі тыйымдарға байланысты біздің зейнеткерлеріміз дәрі және азық-түлік тауарларын алу үшін таяудағы азық-түлік дүкеніне бара алмай қиын жағдайға тап болды. Оған себеп, зейнет жасындағы адамдарда вирус жұқтыру қаупінің өте жоғары болуы. Біз бұл жағдайлардың бәрін ескеруге тырыстық. Осыған орай, біз алдын ала оларға хабарласып, қажетті дәрі-дәрмек пен азық-түліктің тізімін алып, бірінші сұранысқа ие тауарларды жеткіздік, - деп атап өтті Алматы облысы криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Дәурен Сәкенов.

Атқаратын қызметтерінің қиындығына қарамастан, полицейлер қайырымдылықты жалғастыруды көздеп отыр. Осыған байланысты мұқтаж жандардың кезекті тізімі жасалды.

«Барлық азаматтарды үйде қалуға, жеке гигиена нормаларын, заңнаманы және барлық сақтық шараларын сақтауға шақырамыз. Тек бірліктің арқасында ғана біз уақытша қиындықтарды жеңе аламыз», - деп толықтырды подполковник Д.Сәкенов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"