БІЗ БІРГЕМІЗ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ІСМЕР АНАЛАРЫ ТЕГІН БЕТПЕРДЕ ТАРАТТЫ

Уақыты: 02.05.2020
Оқылды: 1200

Ел тынысын тап басып, тұрғындардың қажетін тауып беретін «Аналар кеңесі» қоғамдық істерден сырт қалмай, өскелең ұрпақ тәрбиесіне қажетті қадамдарға жиі барады.

Бүгінгідей төтенше жағдайдың тұсында бар ауыртпалықты елмен бірге көтеруге атсалысқан «Аналар кеңесі» Елордадан бастау алған «Біз біргеміз» атты акция аясында Алматы облысының барлық өңірінде белсенділік танытып келеді.

Атап айтсақ, ақжаулықты аналар қауымы тұрғындарға қажетті бетперде тігуді бірлесе атқарып, дайын өнімді тегін таратып отыр. Мысалы, Қапшағай қалалық «Аналар кеңесі» көпбалалы 12 отбасыға құны 85000 теңгенің азық-түлік себеттерін әперіп, қолдан келген көмектерін көрсетсе, бірқатар ауданда тегін бетперде таратылған. Мәселен, Кеген ауданының Тасашы ауылдық округі мен Райымбек ауданының Қайнар ауылдық округіндегі аналар өзара бірлесіп тіккен 1500 дана бетпердені жергілікті халыққа таратып берген. Сондай-ақ, Райымбек ауданының Сарыжаз ауылдық округінде 550 бетперде, Панфилов ауданының Үшарал ауылдық округінде 120 бетперде, Талғар ауданының Тұздыбастау ауылдық округінде 160 бетперде, Ақсу ауданының 17 ауылдық округіндегі «Аналар кеңесінің» мүшелері 5000-ға жуық бетперде тігіп, көпбалалы, толық емес отбасылар мен тұрғындарға тегін таратылды.

Облыста ұзын саны 7 мың 500-ге жуық бетперде тігіліп, халықтың игілігіне жұмсалған. Оның бәрі де аналардың өз бастамасымен жүзеге асырылып отыр.

Міне, ұрпақтың амандығы мен халықтың игілігі үшін қолға алынған істердің бір парасы осындай.

Айымжан ТӘҢІРБЕРГЕНОВА

Алматы облысы