"ҚАЙЫРЫМДЫ БОЛШЫ, ӘКЕ!" КІШКЕНТАЙ БАЛАДАҒЫ ҮЛКЕН ЖҮРЕК

Уақыты: 25.05.2020
Оқылды: 2277

Қабағы қатулы Оңғарбай он жастағы баласын мектептен алып келе жатты. Ығына көне қоятын бала жоқ, жетекке әрең еріп келеді. Өн бойындағы ашуын кімнен аларын білмей: «Мектепке жиһаз аламыз, ақша жинаймыз деп қояды», – деп күбірледі Оңғарбай. Мұны естіген жас бала: «Әке, ол жиһазды Әрсеннің әкесі алып беретін болды», – деп күлім қақты.

– Ол қайсысы тағы? – деп Оңғарбай баласына жалт қарады. "Әке, Әрсеннің әкесі ғой, ол кісі күшті адам. Мешітке барады, жағдайы жоқ адамдарға көмектеседі. Жаман ешнәрсе істемейді! Мұны маған Әрсен айтты. Әкесі кедей адамдарға көмектессе, құдай Әрсеннің әкесіне де көмектеседі екен!" – деп бейкүнә бала әкесіне қарады. Ал Оңғарбай болса, "Әрине, балам, бай болған соң көмектеседі де", – деді. "Әке, – деді жас бала тағы бірде, – Әрсендер бай емес. Олардың үйі біздікінен кішкентай. Сіз білесіз бе, оның әкесі екі жерде жұмыс істейді! Күндіз құрылыста, кешкісін күзетте. Мұны маған Әрсен айтты. Сіз де сондай қайырымды болыңызшы, әке", – деп қиылды жас бала.

Оңғарбай баласымен болған бұл әңгімеге аса мән бере қоймады. Өйткені, мұндай жағдай күнделікті тіршілікте көп кездесетін еді. Одан гөрі жұмыс істеп, ақша табуды маңызды санайды ол.

Баласымен көше бойлап келе жатып, қайыр тілеп отырған адамды кездестірді. Мүсәпір күздің қара суығында үстіне көрпеше жамылып, алақан жайып отыр екен. Мұны көрген жас бала "Әке, 20 теңге беріңізші, анау отырған кісіге берейік",– деп әкесіне алақан жайды. Ал Оңғарбай болса: "Балам, бұлар алаяқтар, жандарын қинап, жұмыс істегілері келмейді. Оларға тиын-тебен тастаудың қажеті шамалы", – деді қабақ шытып, қатқыл үнмен.

– Әке, оның аяғы жоқ қой, көріп тұрсыз ба? – деді баласы көзіне жас алып.

Оңғарбай да қайыршының аяғына қарап, расымен екі аяғының жоқ екеніне көз жеткізді. Ыңғайсызданып қалған Оңғарбайдың жүрегі дір ете қалды. Сосын бойын тез жиып алды да, баласына 200 теңге берді. "Ала ғой, балам, апарып бер, обал-ақ, қайтеміз? Бізді Аллам мұқтаждықтан сақтасын", – деді әке сәл кідіріп.

Сөйтіп, көзіне келген жасты алақанымен сүртті де баласын құшақтап алды. Сосын: "Әй, балам-ай, сенің қайырымдылыққа толы аңғал мінезің әкеңнің жүрегін жібітті ғой. Сен болмасаң, айналама қараудан да қалыппын-ау! Мынау жалған дүниеге осы уақытқа дейін мән бермеген екенмін, соны түсіндім", – деді риза кейіп танытқан әке.

Өзін керемет іс тындырғандай сезінген бала: "Алла енді бізге де көмектеседі ғой, иә, әке", – деді қуанған бала. "Иә, балам, бұдан былай екеуміз көп адамға көмектесетін боламыз. Өйткені, бізге беретін Алланың қазынасы таусылмайды", – деді Оңғарбай өзінің қатқыл мінезінің қалай жұмсарғанын сезбестен, әп-сәтте өзгеріп. Баласының шашынан мейірлене иіскеп, рақаттанып жіби сөйледі. Осылайша, көтеріңкі көңіл-күймен үйге қарай бет алды.

Баласы: "Анашым, біз келдік, білесің бе, әкем қайыр сұрап отырған адамға 200 теңге берді, сосын жылады", – деп жолда болған жағдайды жіпке тізгендей айтып берді. "Жүре ғой, балам, тамағыңды іш", – деген анасының жылы сөзі баланы одан сайын көңілдендіріп жіберді. Сөйтіп, олар дастарқанға жайғасты.

Ас үстінде Оңғарбай да баласының кең пейіл, қамқор болып ержетіп келе жатқанын мақтан тұта әңгімеледі. Баласы тағы бірде: "Анашым, менің де әкем күшті ғой, иә?" – деді анасына қарап. Шай құйып отырған Халима да: "Иә, сенің әкең өте жақсы адам", – деді.

– Әкем неге мешітке бармайды? Ол жерге ең күшті адамдар барады екен ғой. Ал Әрсеннің әкесі мешітке барып, құдайға сиынады екен, – деді қиылып.

Мұны естіген Оңғарбай не айтарын білмей, ойланып қалды. Расында ол мешітке бас сұғып көрмепті. Ара-тұра ащы судан ұрттап, көңіл көтергенді ұнатады. Достарымен бас қосып, ішіп-жегенді демалыс санайды. Бірақ жан дүниесі бір сәтке де тыныштық тауып көрмепті. Ал баласының мына сөзіне жүрегі дір етіп, ерекше әсер еткенін өзі де байқамай қалды. Содан да болар, біраз үнсіз отырды. "Әке, мешітке барсаңызшы, өскенде мен де барамын", – деді баласы. Оңғарбай да баласының бұл сөзіне құлақ асып, айтқандарын орындайтынын жеткізді. Халима да үнсіз қалмады:

– Жұма күні барыңыз, отағасы, бүкіл мұсылман сол күні Аллаға дұға-тілек жасайды, – деді өзінің қуанышын жасыра алмай.

Оңғарбай да әйелінің бұл сөзіне өзінің келісімін берді. Уақыт бір орында тұра ма, жұма күні де келді. Ерте тұрған Халима Оңғарбайдың таза киімдерін үтіктеп, бәйек қағып жүр. Сөйтіп, Оңғарбай жұртпен бірге мешітке барды. Имам мешітке келгендерге уағыз айтты. "Бүгін рухани қайырымдылық жайлы сөз қозғайтын боламыз. Сондықтан, бұған ерекше ынта қойып тыңдаңыздар, – деді имам. Сосын:

– Қайырымдылықтың ең абзалы мұқтаж жандардың қажетін өтеу, – деп сөзін жалғады. – Мәселен, қарызы көптің қарызын өтеп беру, жетімдер мен мүгедектерге және қарт адамдарға, тағы басқа да қайыр-садақаға зәру жандарға материалдық көмек көрсету. Қайырымдылық жасаудың кез келген түрі сауапты істерден тұрады. Мысалы, қазақта мынандай даналық сөз бар: «Жолдан өте алмай тұрған зағип жанды көрсең, өткізіп жібер, көзің ашылады, жолдан қария кісі өте алмай тұрса, өткізіп жібер, жолың ашылады, ал, көмекке зәру, мұқтаж жанды көрсең көмектесіп жібер, бағың ашылады деген».

– Қазақ халқында сақталған игі дәстүрлердің бірі – жылу жинау. Ағайынның, ауылдастың немесе кез келген адамның басына күн туған сәтте оған жанашырлықпен қарап, қаржылай көмек береді. Мысалы, су тасқыны, зілзала, өрт сияқты табиғи апаттарда немесе науқастанып, емделуге қаржы таппай қиналғандарға, басқа да жағдайға тап болған жандарға қоғам болып жәрдем көрсеткен абзал. Зардап шеккен отбасыларға қолдан келгенше қол ұшын созған сауапты іс. Сондықтан, Алланың берген ризығының аз болса да бір бөлігін Хақ Тағаланың разылығы үшін қайырлы істерге бөліп жұмсасақ, қоғамға тигізер пайдалы істердің мол болатыны сөзсіз. Тіпті, осы отырған кез келгеніміздің басымызға іс түссе, соған қайырымды адамдардың көмек беретінін білгендеріңіз жөн, құрметті жамағат! – деп уағызын тамамдады имам. Бұдан кейін азан шақырылып жұма намазы оқылды.

Соңында тәсбиық тартылып, Құран оқылып, имам батасын берді. Оңғарбай мұндай ізгілік амалынан керемет әсер алды. Тіпті, мешіттен кеткісі келмей, біраз отырды. Ойпыр-ау, осыншама бақытқа толы Алланың үйіне келмей қайырымдылық іс жасаудан хабарсыз қалғанымды қарашы дейді іштей ойланып. Әрсеннің әкесі құрлы болмағаным ба деп қатты күйінді. Бірақ айтарлықтай жеңілденгенін сезінді. Жүзі нұрланып, үйіне қарай беттегені сол еді, есік алдында жан-жары мен баласы күтіп тұрды.

Баласы жүгіріп келіп әкесінің иығына асылды. Баласын құшақтап алған Оңғарбай да көзіндегі жасты сүртіп: "Балам, сен мені бақытқа толы өмір есігін ашуға жұмсапсың ғой. Менің осыншама уақыт өмірдің мәнін түсінбегенімді сезіпсің-ау! Сен болмасаң өмірдің мәні болар ма еді?! Сен менің бойымнан жылу іздеген екенсің-ау", – деп көңілін босатты. Халима да он бес жыл отасқан күйеуінің тас жүрегінің жібігенін көрген сәті осы болатын.

Осы күннен бастап Оңғарбайдың жүрегі ізгілік пен жылылыққа толып, қайырлы істердің басы-қасынан жиі табылатын болды. Бұл күнде ол өз жағдайынан гөрі елдің қамын көп ойлайтын жандардың біріне айналды. Тіпті, қоғамдық қайырымдылық істерге де атсалысып, халыққа пайдасын тигізіп келеді. Осының бәріне жас та болса көкірек көзі ашық, айналасына байыппен қарайтын баласы себепші болды. Мұның өзі балаң үшін жасаған қайырымды істердің бірі болар деген ой түйдім.

Жанболат СӘРСЕНБАЙ

Алматы

Сурет ғаламтордан алынды