БАЛҚАШ АУДАНЫНЫҢ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАДЫ

Уақыты: 08.08.2020
Оқылды: 1333

Балқаш ауданының полицейлері көпбалалы отбасына материалдық көмек көрсетті. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Балқаш ауданының тәртіп сақшылары аудан орталығы Бақанас ауылында тұратын 6 балалы отбасыға санитарлық қорғаныс құралдарымен қатар, азық-түлік пен сол үйдегі үш оқушыға барлық кеңсе тауарларын апарып берді.

- Жеке құраммен келісе отырып, көпбалалы Орманбаевтар отбасына қолдау көрсету туралы шешім қабылданды. Карантин кезіне орай отбасыға медициналық бетперделер мен қолғаптар, азық-түлік, сондай-ақ үйдегі үш оқушыға жаңа оқу жылына арнап барлық кеңсе құралдарын табыстадық. Індеттің жаппай таралуына байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінен бастап біз көпбалалы және көмекке зәру отбасыларға үнемі қолдау көрсетіп келеміз, - дейді Балқаш ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Нұргелді Абиров.

Әлемді шарпыған осы пандемия кезінде қиналған жанға қолдау берген тәртіп сақшыларына көпбалалы отбасы мүшелерінің айтар алғысы шексіз.

- Аудандық полиция бөлімінің басшылығы үйімізге келіп, азық-түлік пен мектепке қажетті барлық құрал-жабдықты табыстады. Осындай қиын кезде қолда барымен бөлісу, қолдау беру – нағыз адамгершіліктің белгісі деп білемін. Балаларымды қуанышқа бөлеген полицейлердің жұмысына табыс, отбасыларына амандық пен береке тілеймін, - дейді Бақанас ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Әйгерім Ғалымқызы.

- Полицейлер санитарлық нормалардың орындалуын талап етіп қана қоймай, тұрғындарды қолдан келгенше бетперделермен қамтамасыз етеді. Жақында тұрғындарға 1500 бетперде тегін тараттық. Ұлт саулығын қамтамасыз ету үшін пандемия кезінде әр адам әлеуметтік жауапкершілік танытып, санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс, - дейді Балқаш аудандық әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Балбек Лепесбаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"