ЖЕТІСУ КӘСІПКЕРЛЕРІ МҰҚТАЖ ОТБАСЫЛАРҒА АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚОРАБЫН ТАРАТТЫ

Уақыты: 13.08.2020
Оқылды: 897

Талдықорған қаласында кәсіпкерлер мен еріктілер «Жақсылық жаршысы» ауқымды акциясын өткізді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен акция осы жылдың шілде айында Нұр-Сұлтан қаласында бастау алған болатын. Марафон халықтың әлеуметтік осал топтарына және пандемиямен күресіп жатқан медициналық ұйымдарға қолдау көрсетуге бағытталған.

Алматы облысының бизнес қауымдастығына акция эстафетасын жалғастыруды Ақтөбе облысы жолдаған. Өңірлік кәсіпкерлер палатасында белгілі кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, журналистер, еріктілер мен белсенділер аймақтың аз қамтылған отбасыларына арналған 200 азық-түлік қорабын жинады.

Азық-түлік жинағын әзірлеуге «Алматы бояулары» ЖШС, «ТФ Ажар» ЖШС, «Беркүт» ЖШС, «ЧОШ «Дана» ЖШС, «A.Rich» ЖШС, «Ирада Балык» ЖШС және тағы басқа кәсіпорындар қолдау көрсетті.

- Акцияға қатысып жатқан кәсіпкерлерге, пандемиямен күресуге өз үлестерін қосып жатқан барша азаматтарға алғыс білдіргім келеді. Біз бір-біріміздің қолдауымызды сезінуіміз үшін барлығын жасап жатырмыз. Менің ойымша, біздің халқымызға мейірімділік, елгезектік пен тектілік тән. Бүгінгі таңда кәсіпкерлердің жағдайы мәз емес. Алайда уақытша қиындықтарға қарамастан, олар мұқтаж адамдарға дәрі-дәрмектермен, қажетті медициналық жабдықтармен және тағы басқалармен көмектесіп келеді, - дейді белгілі меценат, Алматы облысы іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Римма Салықова.

«Жақсылық жаршысын» қолдағандар қатарында кәсіпкерлер Жанатбек Сарғалдақов, Маржан Ахмеджанова, Руслан Турванов, «Қазақстан Халық банкі» АҚ филиалының директоры Гүлмира Ахметова, «Асар» оңалту орталығының жетекшісі Елдос Баялышбаев, «Горец» ансамблінің жетекшісі Аслан Хаджаев, журналистер Айтақын Бұлғақов, Самал Қабышева мен Қуаныш Серікханов, Ғылыми зерттеулер нәтижесін коммерциялау кеңсесінің директоры Дамир Дигай, «Lider.kz» еріктілер қозғалысы бар.

- "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен игі іс ұйымдастырылып жатыр. Отбасыларға арнап азық-түлік жинадық. Бұл қорапта әр отбасыға ең қажетті азық-түлік бар. Осы қорап аз да болса көмек болады деген сенімдемін. Бастысы, бірге болайық, бар болайық, аман болайық, - дейді журналист Самал Қабышева.

- Бұл акцияның идеясы кәсіпкерлер мен қоғамды біріктіріп, проблемаға қарсы тұру болып табылады. Қайғы орын алса, бүкіл ел өз еркімен бірігіп, жұмылған жұдырық көрсетуі тиіс. Сондықтан, бізге осындай жобалар қажет. Мен осы жақсылық адамдардың бір-біріне көмектесуге, жақсылық жасауға, өздерінің азаматтық ұстанымын көрсетуге ынталандыруға себеп болса деп тілеймін, - деді Алматы облысының кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Баниямин Файзулин.

Өз кезегінде акция ұйымдастырушылары «Жақсылық жаршысы» эстафетасын Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасына жолдады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"