АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТЕРГЕУШІЛЕРІ БАЛАЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Уақыты: 29.08.2020
Оқылды: 1172

1 қыркүйек - Білім күні қарсаңында Алматы облыстық полиция департаментінің тергеушілері мен анықтаушылары көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруді жөн деп тапты. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Олар балалардың онлайн оқуына қажетті ноутбуктер, планшеттер және басқа да оқу құралдарын сыйға тартты. Енді осындай сыйлықтарды алған оқушылар технология мен байланыстың жаңа құралдарының көмегімен білім нәрін қиындықсыз сіңіре алады.

- Біз көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету бойынша қайырымдылық акцияларын одан әрі жалғастыруға шешім қабылдадық. Қазір мектеп жасындағы бірнеше бала тәрбиелеп отырған бірнеше отбасы бар. Ол балаларды мектепке әзірлеу қажет. Біз қазіргі уақытта онлайн білім беру жағдайын есепке алып, дәптерлер мен қаламдар ғана емес, сонымен қатар, техникалық байланыс құралдарының да қажет екенін ескердік. Мысалы, бір отбасында төрт бала болса, біз оларға ноутбук пен оқу құралдары салынған рюкзак сыйладық. Сонымен қатар, анасымен ғана жалдамалы пәтерде тұратын бала да осындай сыйлыққа ие болды, - деді Алматы облысы полиция департаменті анықтау басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Самал Арғынғазинова.

Тергеушілер бұл шараның бір реттік қана акция емес екенін және мүмкіндігінше тергеушілер мен анықтаушылар одан әрі жалғастыратынын атап өтті. Өйткені, балалардың шынайы алғысына бөлену қуанышына тең келетін ештеме жоқ,- дейді полицейлер.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"