КОРОНАВИРУС: "ШЕВРОН" МҰНАЙ КОМПАНИЯСЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАДЫ

Уақыты: 07.10.2020
Оқылды: 1107

Қазақстанға коронавирусты емдейтін дәрі-дәрмектер жеткізілді. «Шеврон» компаниясы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмекті сатып алуға және жеткізуге көмек көрсетті.

«Шеврон» корпорациясының бастамасы аясында індетке шалдыққандарды емдеуге қажетті дәрі-дәрмектердің бірінші топтамасы Алматы қаласына келіп жетті. «Шеврон» бұл медициналық дәрілерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне көрсетілген гуманитарлық көмек аясында сатып алған.

- «Шеврон» компаниясы үнемі әлеуметтік қолдау танытады. Сіздер Қазақстандағы өзекті мәселелерге ешқашан бей-жай қарамайсыздар. Сіздерге елімізге көрсеткен гуманитарлық көмек үшін, дәрілер үшін алғыс айтқым келеді. Қазақстандағы коронавирустық инфекция мен пневмония індетінің таралуын біз бірігіп тоқтата аламыз, – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

- «Шеврон» компаниясының атынан мен Алматы қаласына дәрі-дәрмектердің бірінші топтамасы келгенін қуанышпен хабарлаймын, олар Қазақстан емханалары мен ауруханаларындағы пациенттерге жеткізілетін болады. Осы қайырымдылық жобасы арқылы біз Қазақстан халқына күрделі уақытта қолдау көрсетуді мақсат еттік, – деді компанияның Еуразия бөлімшесінің басқарушы директоры Джон Балтц.

Қайырымдылық шарасы Қазақстан Республикасына COVID-19 індетімен күресуге игі ықпалын тигізері сөзсіз. Мемлекеттің пандемияға қарсы күресіне көмектесу үшін «Шеврон» компаниясы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, Қазақстанға аса қажетті дәрі-дәрмектер тізімін құрды.

Дәрі-дәрмекті жеткізумен қатар бұл бағдарлама медициналық жабдықты сатып алу мен жеткізуді қарастырады. Бұдан бөлек, індетке шалдыққандарды емдеу курсына оқыту мәселесін де қамтиды.

Айта кетейік, «Шеврон» корпорациясы - әлемдегі жетекші біріктірілген энергетикалық компаниялардың бірі. Бүкіл әлемде бизнесін жүргізетін еншілес компаниялары арқылы компания энергетика саласының барлық түрлеріне қатысады. «Шеврон» шикі мұнай мен табиғи газды зерттейді, өндіреді және тасымалдайды, көлік отыны мен жанармайды тазартады, нарыққа шығарады және таратады; мұнай-химиялық заттар мен қоспаларды өндіреді; қуат өндіреді және компания операцияларының барлық салаларындағы бизнес құндылықтарын арттыратын технологияларды әзірлейді және қолданады.

«Шеврон» компаниясының бас кеңсесі Сан Рамон қаласында (АҚШ, Калифорния штаты) орналасқан.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"