КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫ БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНА СМАРТФОН ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 10.10.2020
Оқылды: 1957

Алматы облысының «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» мемлекеттік мекемесіне түскен жасөспірімдердің ата-аналарымен, туған-туыстарымен жиі хабарласып тұруы тәрбиелік жағынан аса маңызды.

Талдықорған қаласында орналасқан «ДЕМЕУ» психологиялық түзете-дамыту орталығының жетекшісі, кәсіби психолог Ибраимова Мөлдір Болатқызымен бірге қайырымдылық жасап жүрген тілеулес жандар осы мақсатпен сыйлыққа ұялы телефон табыстады.

– Кез келген адам қайырымдылық жасай алады. Біреулер жаны жабырқап жүргендерді жұбата отырып, күлкі сыйлауы мүмкін, енді біреулер қиын сәтте қол ұшын беріп, жанды көмек көрсетеді. Ол үшін бай болу міндет емес. Жүрегіңіздің, жаныңыздың кішкентай бір бөлшегінен мейірім сезіміне орын бөлсеңіз жетіп жатыр, - дейді ізгі амал жасаушылар.

Қазақта «кішіпейіл болсаң, кішірейіп қалмайсың» деген мәтел бар. Кішіпейілдік танытып, ыстық ілтипат білдіру адамдар арасында жақсы қарым-қатынас орнатары сөзсіз.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын көрерсің» дегендей, қайырлы істің ұршығын иірген әріптестерім нағыз адамгершіліктің үлгісін көрсете білді деп ойлаймын. Халқымыздың қанына сіңген игі істеріңіздің сауабы мол болғай.

Айнұр АЛИНОВА,

«Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» ММ психологі

Алматы облысы