КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАЛАРЫН ЖАЛҒАСТЫРА БЕРЕДІ

Уақыты: 30.10.2020
Оқылды: 2282

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына қарасты ірі ұйымның бірі - Алматы облыстық кәсіподақ ұйымы. Облыстық ұйымның құрамына Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Көксу, Қаратал, Панфилов, Сарқан аудандары мен Талдықорған, Текелі қалалық және І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің филиалдары кіреді.

Кәсіподақ ұйымы білім саласы қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жолында облыстық ұйымның Жарғысына, Ережелерге және жұмыс жоспарына сәйкес қызмет етіп келеді.

Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу, жұмыс беруші мен жұмыскердің арасында келіссөздер жүргізу, еңбек даулары туындаған жағдайда оларды дер кезінде шешуге жәрдемдесу мақсатында облыстық ұйымға қарасты барлық филиалдар мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарында ұжымдық шарттар жасалып, жұмыс барысы жүйеленген.

Екі жыл бұрын облыстық кәсіподақ ұйымының ықпалымен білім беру мекемелері қызметкерлерінің медициналық тексеруден өту мәселесі оң шешімін тапты. Облыс бойынша 2018-2019 оқу жылында білім саласының қызметкерлері алғаш рет медициналық тексеруден тегін өтуге мүмкіндік алды. Биылғы жылы да бұл мақсатқа 17 120 сала қызметкеріне жергілікті бюджеттен 47 436 955 теңге  көлемінде қаржы бөлінді.

Облыс көлемінде кәсіподақ мүшелерін сауықтыру шаралары жоғарғы деңгейде ұйымдастырылып келеді. Облыстық, аудандық, қалалық кәсіподақ филиалдары тарапынан соңғы екі жылда 1700-ден астам кәсіподақ мүшесі «Жаркент-Арасан», «Сарыағаш», «Қаратал», «Текелі» шипажайларында сауықтырылды. Ұстаздардың балалары да назардан тыс қалған жоқ. «Көктал-Арасан» емдеу-сауықтыру кешеніне, «Алтын Шажа», «Қарлығаш», «Шағала», «Күншуақ», «Құлагер» жазғы лагерлеріне 800-ден астам оқушыға демалуға жолдамалар берілді. Сонымен қатар, ұстаздар арасында «Туризм», «Спартакиада» жарыстарын өткізу дәстүрге айналды. Осындай көпшілік шаралар сала қызметкерлерінің спортқа деген қызығушылығын арттыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізуде.

Бұдан бөлек, Алматы облыстық кәсіподақ ұйымының жанынан педагогикалық еңбек ардагерлері кеңесі және жастар кеңесі құрылып, кәсіподақ жұмысы жанданды. Барлық ардагер ұстаздарға көңіл бөлініп, жас мамандардың мәселесі уақытылы нақтыланды.

Білім саласы қызметкерлерінің түйткілді мәселелерін білу және оны шешу мақсатында барлық филиалдарда айына бір рет тұрақты түрде «Ашық есік күні» қоғамдық қабылдау акциясын өткізіліп келеді. Биылғы жылдың өзінде  450-ден астам өтініш түсіп, оның 90 пайызы оң шешімін тапты.

Атап өту керек, Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының мүшелігінде жоқ Талғар, Балқаш, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қапшағай қаласының ұстаздары мен мектептке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиешілерінен де көптеген сұрақтар түскен. Салалық кәсіподақ мүшелігінде болмаса да оларға заң аясында құқықтық көмектер көрсетіліп тұрады.

2020 жылы елімізде енгізілген шектеулерге қарамастан облыстық ұйымға еншілес аудандық, қалалық филиалдарының ұйытқы болуымен кәсіподақ ұйымының қызметі, еңбек қатынастары, ұжымдық шарт аясында атқарылған жұмыс, ардагер және жастар Кеңесі, еңбекті қорғау туралы бейнебайланыс арқылы барлығы - 328 шара өткізілді.

Бастауыш кәсіподақ төрағалары, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспекторларына арналған форумдар, семинарлар ұйымдастырылып, әдістемелік кітапшалар таратылды. Кәсіподақ мүшелерін ынталандыру шаралары тұрақты түрде жүргізілуде.

Жоғарғы сынып оқушылары арасында «Ұстаз болғым келеді - 2020» эссе байқауында Текелі қаласы, №4 орта мектептің түлегі, бүгінгі күні І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығына оқуға түскен Салима Құсманға шәкіртақы тағайындалды. Бұдан бөлек, 8 наурыз - Халықаралық әйелдері күні мерекесі қарсаңында Талдықорған қаласындағы №14 орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлімбатырова Мақпалға тұрғын үй алу үшін бір миллион теңге көлемінде сертификат табыс етілді. Кәсіподақ белсенділері ретімен түрлі мемлекеттік және қоғамдық бірлестіктің марапаттарына ие болуда.

Елде төтенше жағдай жарияланғалы 153 кәсіподақ мүшесі індеттің құрығына ілінді. Оларға дәрі-дәрмек алуға, денсаулықтарын қалпына келтіруге облыстық ұйым және еншілес аудандық, қалалық филиалдары тарапынан материалдық көмек көрсетілді. Қашықтықтан оқыту кезінде ұстаздардың сапалы білім беруіне жағдай жасау мақсатында облыстық ұйым 30 педагогқа бастапқы жарна ретінде 50 мың теңгеден ноутбук алуға жалпы сомасы 1 500 000 теңге көлемінде қаржы бөлді. Сонымен қатар, «Мектепке жол» акциясы аясында 40 оқушыға смартфон, кеңсе тауарлары мен Wi-Fi роутер табыс етілді.

Бұл Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының атқарған жұмысының бір ғана бөлігі. Әлі де болса індет жойылған жоқ. Алға қойған жоспары айқын, мақсаты анық кәсіподақ ұйымы аталған қайырымдылық шараларын жалғастыратын болады.

Мэлс ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ,

Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы