ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫНА ТЕГІН БЕТПЕРДЕ ТАРАТЫЛДЫ

Уақыты: 04.11.2020
Оқылды: 1297

Талдықорған қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Облыстық Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастырумен тұрғындарға медициналық бетперде және аз қамтылған отбасыларға азық-түлік пакеті таратылды.

COVID-19 індетінің өршуіне байланысты карантиндік шектеулер жарияланса да, тұрғындар әлі күнге дейін сақтық шараларын сақтамай жүр. Қарапайым ғана медициналық бетперде тағып, арқашықтық сақтау талабы да орындала бермейді. Осындай келеңсіздіктерді жою мақсатында Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің студенттерінен құрылған еріктілер жасағы тұрғындарға індеттен сақтану, сақтық шараларын ұстану туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тегін медициналық бетперде таратты. Игі істері арқылы көпшілікке ой салуды көздеген жастар: «Мақсат – індеттің таралмауына аз да болса үлес қосу. Ол үшін әрбір адам жауапкершілікті өзінен бастауы керек. Жақындарына жанашыр болып, сақтық шараларына мән берсе», - дейді.

«Облыстық Азаматтық Альянсының» пиар-менеджері Дана Ахметованың айтуынша, шара барысында қала тұрғындарын 2 мыңға жуық медициналық бетпердемен қамту жоспарлануда. Сондай-ақ, еріктілер аз қамтылған, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі 40 отбасына азық-түліктен үлестірді.

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтор