ТАЛДЫҚОРҒАННЫҢ ІРГЕСІНЕН 320 АДАМҒА АРНАЛҒАН ҚАТЫМХАНА АШЫЛДЫ

Уақыты: 05.11.2020
Оқылды: 2233

Талдықорған іргесіндегі Көктал ауылдық мешітінің жанынан 320 адамға арналған қатымхана салынып, жұрт игілігіне берілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Шараның ашылу салтанаты карантин жағдайына байланысты дабыралы түрде өтпесе де, алыс-жуықтан осы игіліктің іске асуына демеуші болған азаматтар, ардагерлер мен зейнеткерлер және ауыл тұрғындары жиналып, өрелі әңгіме өрбітіп, тұшымды ұсыныстар айтты.

Жалпы, он мыңнан аса тұрғын мекендеген Еркін ауылы кейінгі кезде көптеген жетістіктерімен жұрттың алғысына бөлене бастады. Әрине, ол бірінші кезекте ауылдық округ әкімдігі мен ақсақалдар кеңесінің қолдауының арқасы.

– Осы бірнеше жылдың ішінде ауылдық ақсақалдар кеңесінің ұсынысымен Еркін ауылы мен Көктал елді мекенінде мешіт, жастар саябағы, ауылдық амбулатория, соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш бой көтерсе, жолдар жөнделіп, құбыр суы тартылып, ауылды газдандыру жұмысы да қарқын алды. Сонымен бірге, ардагерлердің демеуімен көпбалалы, жағдайы нашар отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, тағы да басқа жұмыстар жалғасуда, – дейді Еркін ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тортай Ізбасқанов.

Осы ретте Көктал ауылындағы қатымхананың ашылуына да ардагерлер мұрындық болыпты.

– Адам баласына өмірге келмек парыз болса, өлімнен де қашып құтыла алмайтының анық. Халқымызда тарихтан бері өлімді жөнелтудің жетісін, қырқын, асын беру сияқты қалыптасқан дәстүр бар. Қазір мұны көбінше ресторан мен кафелерде өткізуге бейімделіп алдық. Бірақ түнімен той-думан өткен жерде тазалық бар деуге келмейді. Оның үстіне қазіргі баға шарықтап тұрған тұста жақынынан айырылып, жаны күйзеліп тұрған жандардың қалтасына да аз салмақ түспейді. Биылғы пандемия жағдайында қиналып қалғандар аз болған жоқ. Сондықтан, ауылдағы ақсақалдар кеңесе келе, Көктал мешітінің жанынан қатымхана салып, жерлестерімізге жақсылық жасасақ деген ойға келдік. Кәсіпкер азаматтармен хабарластық. Есжановтар әулеті бұл міндетті өз қаржысымен салып беруге келісті. Міне, бүгін сол игілікті іс жүзеге асып жатыр, – дейді Еркін ауылының ақсақалы Мамай Нұрышев.

Дін тұрғысынан да көпір салып, ағаш еккен, мешіт тұрғызып, жұртқа қол ұшын берген істердің сауабы мол болады деп есептеледі. Осы тұрғыдан Есжановтар әулетінің ізгі ісіне алғыс айтпай тұра алмайсың. Ал қатымхананы өз қаржысымен тұрғызып, ауылдастарына сыйлаған жеке кәсіпкер, «Айгерім» шаруа қожалығының төрағасы Сүндетбай Есжанов:

– Қатымхананы тұрғызуға 30 миллион теңге қаржы жұмсадым. Бір уақытта 320 адам сияды. Өзім негізінен мал шаурашылығымен айналысамын. Түйе, жылқы ұстап, шұбат, қымыз сатамын. Ірі қара мен ұсақ мал өсіріп, оның игілігін көріп келемін. Байлық барлықта емес, өзім дегеннен гөрі ауылдастарыңның қиыншылығына көмектесіп, бір жағына шығысқаннан өзге қуаныш жоқ деп есептеймін. Басында Мамай Абайұлы бастаған ақсақалдар қатымхана салу туралы ұсыныс білдіргенде бірден келістім. Жарты жылдың ішінде салып бітірдім. Енді мұның ары қарайғы иесі Еркін ауылдық ардагерлер кеңесі болады. Ас өткізсе, бір орынға 100 теңгеден төлейді. Ол қаржы осында жұмыс істейтін адамдардың еңбекақысы, су, газ, отын шығындарына жұмсалады, – деп ағынан жарылды.

Шара аясында аруақтарға Құран оқылып, ас берілді. Сонымен бірге, жуырда ғана облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жарық көрген «Қадырғали би Қосымұлы Жалайыри» халықаралық қоғамдық қоры жанындағы редакциялық алқа ұсынған «Батыр бабалар ізімен» атты тарихи-танымдық жинақтың тұсауы кесілді. Мұқалы, Орақ батыр, Сыпатай батыр, Ескелді батыр, Қабан батыр, Балпық би, Тәттібай мерген, Есберлі би, Жолбарыс батыр, тағы да басқа ел егейлерінің ерен ерліктері мен елдік жолындағы тағылымды істері жинақталған жинақ көпшіліктің қолына бірінші рет тиді.

Кітаптың тұсаукесерінде ауыл ақсақалдары Көктал ауылына ел қорғаны болған Есберлі бабамыздың есімін беру туралы ұсыныс көтерді. Соңында бұл ұсынысты ауыл ардагерлері мен тарихшы-зерттеуші азаматтар бірлесіп, талқылайтын болып тарасты.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан