ҚАУІП-ҚАТЕРГЕ ҚАРАМАЙ, ТӘУЕКЕЛГЕ БЕЛ БУҒАН ЕРІКТІЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 08.12.2020
Оқылды: 1284

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Өзін қоя тұрып, өзгені ойлап, тұрмысы төмен отбасыға, тағдыры талқыға түскен ағайынға қолда барын бөліп, қайырымдылық жасаудан қол үзбеген халқымыз биыл еріктілердің ерен еңбегіне бас иді. Халықаралық волонтерлар күніне орай Мемлекет басшысы онлайн режимде жиын өткізіп, еріктілердің жыл бойы атқарған жұмысын қорытындылап, үздіктерді марапаттады.Оған Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ та қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Жиынды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ашып, жүргізіп отырды. Басқосуда әуелі еліміздегі еріктілердің атқарған жұмыстарын көрсету мақсатында бейнеүзік көрсетілді.

Осыдан кейін әр сала бойынша жауапты қызмет атқарған еріктілер өздерінің жыл бойы істеген жұмыстарын баяндап, алдағы уақытта да қайырымдылық жасап, қайырын көрген дана халқымыздың сара жолын жалғайтынын жеткізді. Сондай-ақ, ел Президентіне көкейінде жүрген ойлары мен ұсыныс-тілектерін айтты.

Жиында Қасым-Жомарт Кемелұлы:

– Ең алдымен, барлық волонтерларға шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Сіздер қиын кезеңде еліміз үшін аса пайдалы, қажетті жұмысты атқардыңыздар. Ерен еңбектің арқасында пандемияны да еңсеріп келеміз. Еріктілеріміз ешқандай қауіп-қатерге қарамай, дәрігерлерге, әскери қызметшілерге, қарапайым азаматтарға көмектесті. Бұл - нағыз ерлік. Сендерді мақтан тұтамын. Еріктілер өте жақсы бастамалар көтерді. Барлығын қолдаймын. Әсіресе, қоғамдық бақылаушы және эковолонтер ретінде белсенді болғандарың қуантады. Мәселен, Богдан Петровтың экологиялық мәселе, Лилия Сәрсенованың құстарды қорғау бойынша айтқан ұсыныстарын толық қолдаймын. Осыдан тура бір жыл бұрын «Еріктілер жылын» ресми түрде ашқан болатынбыз. Міне, қазір соның жемісін көріп отырмыз. Бұл Елбасының бастамасымен өткен Жастар жылының жалғасы болды. Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Қауіпті дерт ел-жұрттың денсаулығын ғана емес, бекем бірлігін де сынға алды. Біз бір ел, бір халық болып бұл сынға төтеп бердік. Волонтерлар Отанға қызмет етудің озық үлгісін көрсетті, – деп ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар, алдағы жылы да еріктілерге қолдау білдіретінін айтты.

Осыдан кейін ілкімді істің ғұмырын ұзартқан еліміздің үздік еріктілері мен ұйымдары марапатталды. Алматы облысы бойынша «Жомарт жүрек» бөлімінің «Туған өлке» номинациясы бойынша Руслан Камердинов үздік деп танылды. Жеңімпазды облыс әкімі құттықтап, Алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.

Шара соңында Амандық Ғаббасұлы:

– Коронавирус індеті өршіп тұрған уақытта елім деп қызмет етіп, қоғамдық жұмысқа белсенді қатысып жүрген еріктілердің ісі көпке үлгі. Облысымызда әлеуметтік жағынан төмен отбасылар мен жетім-жесір, ауру-сырқауларға, тосыннан жәрдемге зәру болып қалғандарға көмек қолын созып жатқан небір ұйым, қайырымдылық қорлары бар. Олар «Жомарттық – жанның байлығы», – деп жақсылық жасауға жарыса ұмтылып, барымен бөлісіп, ортақ мақсатқа жұмыла атсалысуда. Келесі жылы дарқан мінезді халқымыздың қанына сіңген қайырымдылық жұмыстары жалғаса береріне сенімім мол, – деп орынбасары Рустам Әлиұлына еріктілерге орталық ашып беруді, көлікпен және керекті жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырды.

Айта кетейік, Алматы облысы бойынша 3243 ерікті тіркелген. Ал жастар ісі жөніндегі комитет саны - 41, жастардың үкіметтік емес ұйымдар саны - 70, ерікті топтар саны - 37. Олар үшінші тоқсанда «Біз біргеміз» жобасы аясында 390, «Мейірімді Жетісу», «Ардагерлерді ардақтайық» атты 460 акция, COVID-19 вирусын алдын алуға арналған 236 және құқықтық тәрбие беру, терроризм және дін, жемқорлық тақырыптарына байланысты 78 іс-шара ұйымдастырған. Оған барлығы 3200-ден астам  ерікті қатысты. Қайырымдылық акциясы барысында 25196 бетперде таратылып, 1778 отбасыға азық-түлік себеттері берілді.

Алматы облысы бойынша аудан, қалаларда «Мейірімді Жетісу» акциясы аясында 2752 шара ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда облыс бойынша жалпы 9490 қайырымдылық акциясы өтті. Әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға, жалпы 26726 отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Облыс еріктілерінің атсалысуымен бүгінгі күнде 78841 бетперде тұрғындарға таратылды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы