ЖЕТІСУДЫҢ ЖОМАРТ ТА ІЗГІ ЖАНДАРЫ "АСЫЛ ЖҮРЕК" СЫЙЛЫҒЫН ИЕЛЕНДІ

Уақыты: 12.12.2020
Оқылды: 1578

Ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ бастамасымен жарияланған Еріктілер жылының ресми жабылуына орай Алматы облысы әкімінің «ASYL JÚREK» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Әлем елін әбігерге салған індеттің арасында жүріп, жұрттың жүзіне қуаныш ұялатуға тырысып, қолындағы барымен бөліскен, мейірімге мұқтаж адамдар мен отбасыларға шарапат шұғыласын себездеткен жомарт жандар аталмыш сыйлықты иеленіп, мәртебелері өсті.

Айта кетейік, «ASYL JÚREK» – еріктілерге берілетін облыс әкімінің алғашқы сыйлығы. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен «Қоғамдық келісім» КММ бір ай бұрын Еріктілер жылын жүзеге асыру аясында үздіктердің ішінен үздіктерді анықтау мақсатында байқау өткізген еді. Байқауға өңірімізден өрелі іске бастамашы болған 50-ге жуық еріктінің өтінімі келіп түскен. Солардың арасынан жүзден жүйрік танылғандары Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының сахнасында марапатқа ие болды.

Салтанатты шараның шымылдығы күмбірлеген күймен түрілді. Өз кезегінде Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Елдар Сапаров құттықтау сөз алды. Ол:

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ағымдағы жыл "Еріктілер жылы" деп жарияланғаны баршаңызға айқын. Бұл жылы көптеген жетістікке қол жеткізіп, толайым табыстарға кенелдік. Көптеген қиыншылыққа қарамастан мейірім мен шапағатқа, көмекке мұқтаж жандарға еріктілеріміз қол ұшын созды. Жақсылықты жарыса жасады. Бұл біз үшін зор қуаныш, – дей келе, қайырымдылық пен мейірімділік арқасында қоғам жақсаратынын, сол жолда еріктілердің атқарар ісі ең ізгі іс екенін тебірене жеткізді. Сонымен қатар, жеңімпаздарды мерейлі сәтімен кұттықтады.

Өз кезегінде жүзден жүйрік танылып, аймақ әкімінің алғашқы сыйлығын қанжығасына байлағандар сахнаға көтерілді.

Атап айтсақ, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласының тұрғыны Александр Сон "Asyl Júrek: Мұрагер", Талдықорған өңірі бойынша «Харекет» қайырымдылық қорының еріктілер жетекшісі Амангелді Төлемісов "Asyl Júrek: Жан жылуы", «Instagram» әлеуметтік парақшасындағы "Народный Талдык" паблигінің админі, "Волонтерское движение" экотобының құрушысы, "ҚазЭКО" қоғамдық қорының директоры Сергей Тандеев "Asyl Júrek: Табиғат сүйер", "Зооклуб" қоғамдық қорын құрған Талдықорған қаласының тұрғыны Вероника Гузенко "Asyl Júrek: Хайуанаттар қорғаушысы", 2017 жылдан бастап LIDER.KZ еріктілер клубының белсендісі, талдықорғандық Оксана Әмірғалиева "Asyl Júrek: Көзсіз ерлік", мектепішілік еріктілер клубының президенті Әлішер Бекмұстафаев "Asyl Júrek: Білгенімен бөліскен", 2005 жылдан Талдықорған "Жедел жәрдем" станциясында еңбек етіп келе жатқан Алмабек Батқалбеков «Asyl Júrek: Шипагер», Талдықорған қаласы, «Еркін» ауылдық мешітінің имамы Құмар Хадысұлы "Asyl Júrek: Халық жанашыры" аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды.

Шара барысында Талдықорған өңірі бойынша «Харекет» қайырымдылық қорының еріктілер жетекшісі, "Asyl Júrek: Жан жылуы" аталымының жеңімпазы Амангелді Төлемісов сөз алып, жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған ұлтымыздың ұлы өзегінде мейірім мен махаббат, шапағат ұялағанын, көпке көмек көрсету ізгілердің игілікті ісі екенін, бұл марапат азғантай еңбекке деген құрмет екенін атап өтті.

Үздіктер үкіленген айтулы шара соңында республикалық "Харекет" қайырымдылық қорының өкілі, "Өнер қырандары" театрының директоры Мадияр Серікбаев ақжарма тілек білдірді. Ол:

- Қайырымдылық - қанымызға сіңген қасиет. Біз сіздердей ізгі жүрек жандарға тәнтіміз. Марапаттарыңыз құтты болсын, - дей келе, "Харекет" қоры мұқтаж жандарға биыл 365 үйдің кілтін тапсырғанын атап өтті. Өз кезегінде көптен жиналған жылудың нәтижесінде 366-ншы пәтер кілтін тағдырдың сынағына ұшырап, бес баланы өсіріп отырған Ақмарал анаға табыс ететіндігін жеткізді.

Бес балауса қызды өмірге алып келіп, жалғызбастылыққа мойымай, ауыртпалықты балаларының бақыты жолында еңсеріп келе жатқан ғазиз жүрек иесі өз кезегінде толқыған көңілмен қазақ халқына, "Харекет" қорына деген ақеділ пейілін, ризашылығын жеткізді.

Жанашырлары мейірленіп, мейірімге мұқтаж отбасы шаңырақ шаттығына кенелген шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы