Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

КӘСІПКЕР АЗАМАТ АУЫЛДА ТҰРАТЫН 25 ОТБАСЫНА ТЕГІН КӨМІР ТҮСІРІП БЕРДІ

Уақыты: 23.12.2020
Оқылды: 600

"Ұйғыр ауданында жеке кәсіпкер Тасқарасу және Шарын елді мекендерінің орта мектебі мен ауруханасына қажетті құрал-жабдықтар сатып әперді. Сонымен қатар аз қамтылған 25 отбасына көмір түсіріп берді", - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Тасқарасу ауылында 2000-ға жуық тұрғын тұрса, соның 500-ден астамы - оқушы. Пандемия кезінде балалардың қауіпсіздігі алғашқы орында. Сондықтан, бірінші кезекте санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауға арналған жабдықтар көптеп алынған. Бұл тізімде 3000 бетперде, диспенсер, термометр,  залалсыздандыру сұйықтығы мен медициналық қолғап сияқты қажетті құралдар бар. Сонымен қатар, спорттық жарақтар да жеткізілген.

Шарын аулының тұрғындары үшін де кәсіпкер тамаша тарту жасады. Мұнда да жергілікті орта мектепке компьютер, кеңселік жиһаздардан бастап барлық қажеттіліктер сыйға тартылған. Кәсіпкердің демеушілігімен ауылдық ауруханаға да санитарлық құрал-жабдықтар тапсырылды. Осы екі ауылдағы аз қамтылған және көп балалы 25 отбасына 30 тоннадан астам көмір түсіріп берді.

Жаңа жылдың алдында ауылдастарына тамаша тарту жасаған Сырым Жомартұлына көпшілік дән риза.

Жалпы, облыс көлемінде өңір халқын қолдау мақсатында мерекелер қарсаңында көмек шараларын ұйымдастыру туралы шешімді жергілікті атқарушы және уәкілетті органдар бірлесіп қабылдаған. Оған кәсіпкерлер көптеп тартылуда.

Шара аясында көмір мен отын әперу, азық-түлік жағынан көмектесу, балаларға жаңа жылдық сыйлықтар беру, көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына қыстық киімдер, оқу құралдарын әперу, мұқтаж отбасын қаржылай қолдау сияқты бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Бұл игі шараларға бюджеттен 46 млн.теңге, ал демеушілер қаражатынан 276,4 млн.теңге жұмсау жоспарланып отыр. Облыс бойынша көмек көрсетілетін адам саны 20 мыңға жуықтайды деп күтілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан