АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ПОЛИЦЕЙІ БАЛАЛАРҒА СЫЙЛЫҚ ТАРАТТЫ

Уақыты: 20.01.2021
Оқылды: 1267

«Жетісу медиа» орталығы қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Шара аясында генерал-майор Серік Күдебаев балаларды қуантып, қайырымдылық жасады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Шараның мақсаты - бүлдіршіндерге көңіл-күй сыйлау. Медиа орталық қызметкерлері еріктілер тобын құрып, жомарт жандарды тартып, үнемі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеді. «Жомарттық – жанның байлығы» деп жақсылық жасауға жарыса ұмтылған жандар жуырда тағы 10 отбасын аралап, сыйлық таратты.

Әуелі Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Серік Күдебаев бастаған топ «Самал» шағынауданында тұратын көпбалалы отбасына барды. Ондағы Ахмат есімді бала өскенде генерал болсам деп армандапты. Оны естіген Серік Мырзақұлұлы бүлдіршінмен арнайы кездесіп, жылы лебізін білдіріп, велосипед сыйлады. Сонымен қатар, балдырғандарға киім-кешек және азық-түлік себетін берді. Осыдан кейін төрт баланың анасы Ақжарқын Шаймұрат бүлдіршіндердің арманын орындап, сыйлық берген қайырымды жандарға шексіз ризашылығын білдіріп, ақжарма тілегін ақтарды.

Келесі кезекте жомарт жандар балалар армандап сұраған музыкалық аспаптар, киім-кешек сияқты сыйлықтар таратты. Дана халқымыз: «Қайырымдылық жасасаң қайырын өзің көресің», - дейді. Атымтай азаматтардың бұл ісі көпке үлгі. Жомарт жандар игілікті шаралар мұнымен тоқтап қалмайтындығын, әрі қарай да жалғасын табатындығын айтты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"