Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

КЕГЕНДЕ ТҰРАТЫН КӘСІПКЕР АНА ЖАН-ЖАНУАРЛАРДЫҢ МҮСІНІН ОРНАТТЫ

Уақыты: 27.01.2021
Оқылды: 510

"Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!" деген тәмсіл бұрыннан бар. Осы бір сөз Кеген ауылының тұрғыны, белгілі кәсіпкер ана Қуаныш Мұқанбековаға да арналып айтылғандай.

Айналасына әрдайым шуағын шашып жүреді. Ауылдағы жетім мен жесірлердің қамқоры. Көпбалалы отбасыларына да шарапатын тигізеді. Оның сыртында өзінің дәмханасы бар. Аудандық мәслихаттың алдын көп жылдардан гүлдендіріп келеді. Арнайы қоршалған бірнеше гүл алаңдары бар. Асханалық тағам түрлерінің шынайы шебері, іскер, еңбекқор, қажырлы ана соңғы жылдардан бері аудан орталығына әдемі еліктердің, көкқұтанның бейнелерін орнатқызды. Жақында айшықты тас тұғыры бар қар барысын тұрғызып, ел алғысын арқалады.

– Мен осының бәрін өзім үшін жасап жүрген жоқпын. Ауылым, осындағы ел мен жұрт үшін жасаймын. Аудан орталығының айшықты, ажарлы, әсем гүлдеріне толы болып, көз тартып тұрғанын қалаймын. Гүлді жақсы көремін. Ортамыздағы қамқорлықты қажет ететін жандарға әрдайым қолдау, көмегім дайын. Жүрген жеріме тигізген шапағатым Алладан қайтса болғаны. Маған ештеңенің қажеті жоқ, – дейді Қуаныш ана.

Айтса – айтқандай, Қуаныш ана қарттар күнінде қарияларына құрмет көрсетеді. Құрбан айт кезінде құрбандық шалып, жетім мен жесірлерге таратқызып береді. Рамазан айында ауызашар беріп жатады. Әрбір жаңа оқу жылында балапандарға оқу құралдарын, киім-кешектерін сыйлайды. Айналасын гүлдендіріп, түрлендіріп, адамдарға жақсылығын ғана жасап келе жатқан мейірімді анаға Алланың нұры жаусын!

Қанат БІРЖАНСАЛ