ШЕНЕУНІКТЕР ШОШИТЫН, ӘР ҚАЗАҚ СҮЙІП ОҚИТЫН "ЖАС АЛАШҚА" - 100 ЖЫЛ!

Уақыты: 07.03.2021
Оқылды: 1554
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Жас Алаш» – жастар газеті болғанымен, уақыттың талқысында шыңдалған, үлкен жолдардан өткен жүзжылдық тарихы бар қазақ баспасөзі қара шаңырағының бірі. Заманына қарай «Лениншіл жас» атанғаны өмірдің заңдылығы шығар дейміз. Кезінде кеңестік идеологияға бағынышты болғанымен қазақ жастарына арналған ағартушылық қызметті өзінің басты бағыты етіп белгіледі. Осы арқылы еліміздің республика болып қалыптасуына өзіндік үлес қосты.

Газетті ұйымдастырушы шығыс жастарының көсемі атанған Ғани Мұратбаевтың қайраткерлік істері талай дарынды тұлғаларды тарихтың сахнасына шығарды. Содан бері аталған басылым өзінің қалыптасқан қарқынынан танған емес. Газеттің айналасына ылғи талантты қаламгерлер топтасты. Бүгінгі таңда қоғам өзгергенімен, аға толқыннан қалған игілікті дәстүрлер өзгермеді десек артық айтқанымыз емес.

Ғасырлық мерекенің қарсаңында «Жас Алаш» газетінің редакциясына бас сұғып, ондағы әріптестерімізбен әңгімелескен едік. Бас редактор Қайрат Матреков басылымның арғы-бергі шежірелеріне тоқтала келіп, алдағы уақытта да қазақ жастарының батыл бастамаларына назар аударатынын алға тартты. Өйткені, жас толқынның өмірге деген көзқарастары өзгеше. Осының бәрін жинақтай отырып қоғамға пайда әкелетін үрдістерге ұластыру қажеттігін айтты.

– «Жас Алаш» қазақ руханиятындағы орны бөлек басылым. Оны «журналистердің ұстаханасы» деп бекерге атаған жоқ. Газет қаншама таланттарға жалын берді, қаншама жүйріктерге тәлім берді. Олардың қайраткерлік дәрежеге көтерілуіне ықпал етті. Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов секілді бас редакторлар осындай жүйелі дәстүрлері бар үлкен мектептерді қалыптастырды. Біз де бүгін алдыңғы толқын ағаларымыздың ізін басып келеміз. Негізгі мақсатымыз – газеттің берік ұстанған бағыт-бағдарынан ауытқымау, әрқашан халықтың сөзін сөйлеу. Редакцияның шығармашылық ұжымы өте ұйымшыл. Есімі елге танылған қаламгерлер деуге болады. Қазақ баспасөзінде олардың өзіндік қолтаңбасы бар. Мәселен, Сейсен Әмірбекұлы, Алмас Нүсіп, Нұрымжан Мауытов бастаған әріптестерімізді мақтанышпен айтуға болады. Заманға қарай жаңаша әдіс-тәсілдерге жүгіне отырып, газетіміздің электрондық нұсқасын дамытуға тырысып жатырмыз. Қарлығаш Зарықханқызы басылымның сайтына жетекшілік етеді. Сонымен қатар ютуб арнасы да оқырманға қызмет көрсетуде. Жүзжылдық мерейтойдың қарсаңында «Жас Алаштың» тарихына қатысты кітап құрастырудамыз. Басқа да іс-шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады, – деді Қайрат Матреков.

Иә, шынымен-ақ газет тарихына үңіліп қарасақ, бұл орта қаламгерлердің нағыз ұстаханасы болғанын байқаймыз. Осында шыңдалған жастардың бәрі ұлттық әдебиетіміздің өркендеуіне елеулі ықпал етіп, белгілі тұлғаларға айналған. Олардың тізімін түгендейтін болсақ, ұзаққа созылады. Әрине, осының бәрі кезінде жастарды алға бастаған батыл редакторлардың шешімдерінің арқасында десек қателеспейміз. Солардың жарқын мысалдарының бірі ретінде Шерхан Мұртазаның есімі әлі күнге дейін қалам ұстаған қазақ жастарына үлгі мен өнеге болып келеді.

Шерхан ағамыз елуінші жылдардың басында Мәскеудегі Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. Бір-екі жыл республиканың баспа саласында жемісті қызмет етті. Одан кейінгі өмірі жастар газетімен тікелей байланысты болған екен. Төменнен жоғары көтеріле отырып мол тәжірибе жинақтады. Табиғи дарыны оқу-білімнің арқасында одан сайын өткірлене ұшталды. Ол кісінің өзіне тән ерекшелігі ру, жүзге бөлінбеді. Еліміздің қай түкпірінде таланттар көрінсе, ондай жан Шерхан Мұртазаның туған бауырындай еді.

Атап айтқанда, Атырау өлкесінен мектепте мұғалім болып жүрген Фариза Оңғарсынованы тауып, газеттің белді қызметкеріне айналдырды. Орталық Қазақстаннан Ақселеу Сейдімбекті шақырды. Оңтүстік Қазақстаннан Мұхтар Шахановты үлкен ортаға алып келді. Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп. Шәкірттерінің «Біз Шерханның шекпенінен шықтық» деп мақтаныш ететіні сондықтан. Әсіресе, Шығыс Қазақстанның аудандық газетінде жүрген Оралхан Бөкейдің тұлпар шабысын бірден танып Алматыға алдырғаны таңғалдырады. Ауданнан астанаға келген қарапайым қаламгерді үлкен газетке әдебиет бөлімінің меңгерушісі етіп зор сеніммен тағайындағаны, әрине, ерекше құбылыс. Кадр таңдауда Шерхан аға жаңылған жоқ. Өзі тәрбиелеген ұл-қыздар елдің ірі тұлғаларына айналды.

Осы жайында Шерхан ағамыздың ағынан жарылып айтатыны бар. Енді сол сөздің бір парасын оқырманға жеткізейік. "Өзім басқаратын газетте оқта-текте «О.Бөкеев» деп қол қойған очерктер жарияланды. Ә дегеннен назар аударды. Автор аз ба, тәйірі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті шетелдерден жазып жататын қаптаған авторлар. Кейде бөлімге айтып, поштаны өзім шолып шығамын. «О.Бөкеев» деген қолы бар семіздеу конвертті бөлек алып, ішіндегіні оқып шықтым. Қолы қисықтау, қияңқылау көрінді. Жазуын айтамын. Адамның жазуында да мінез бар. Жазуына, сөзіне, сөйлеміне қарап, бұл хаттың авторын көз алдыма келтірмекші болдым. Алтай тауы келеді көз алдыма. Сөйтсем, атақ-даңқы жер жарған Алтай тауын ол мына конверттің ішіне сыйдырып жіберген екен. «Лениншіл жасқа» қызметке жаңадан келген Оралханды Мойынқұмға командировкаға жібердім. Оралхан сол сапардан біраз жыл кейін «Құм мінезі» деген повесть жазды. Міне, жазу! Жазсаң – осылай жаз. Әйтпесе, кінәсі жоқ ақ қағазды шимайлап, былғама. Он күндік сапарда бұрын өзі көріп-білмеген жердің тамырын басып, сол құмдағы адамдардың мінез-құлқын, психологиясын, тұрмысын, жүріс-тұрысын, ең бастысы – жанын ұғып, білу жаратылыстан дарын иесіне ғана дарыған", – деп толғанған екен.

Шерхан Мұртазаның қалыптастырған жолын дамыта отырып, одан әрі ширатқан редактор Сейдахмет Бердіқұлов болды. Ол кісі де көреген, білімді және батыл азамат еді. Сонымен қатар газет қызметкерлерін өзара бәсекелестіріп, жаңа идеяларды өмірге келтірудің шеберіне айналған. Арамыздан кеше ғана кеткен, кезінде «Лениншіл жастың» белді қызметкері болған Ырым Кененбай ағамыздың бір сөзі осындайда еске түседі. "Сейдағаң журналистер арасындағы жарыс көрігін қыздырды. «Сәтті ойлар сағатын» ұйымдастырды. Оған жарамды идея таба алмау ұяттың үлкеніне саналатын. Халық айтса, қалт айтпайды. Шығармашылықты шыңдайтын «Лениншіл жас» журналистиканың ұстаханасы деп аталған еді. Сейдағаңның әдістері өзгеше. Жыл сайын бөлім қызметкерлерін ауыстырып отыратын. Сол арқылы бізді әмбебаптыққа баулитын. Кезек-кезек арнаулы нөмірлерді шығарушы едік. Мойнымыз жауапкершіліктен босаған емес. Соның арқасында өзің де жетекшіге айнала бастағаныңды сезбей қаласың. Еткен еңбек, төгілген тер босқа кетпеді. «Лениншіл жастың» сондағы таралымы 300 мыңға жетті", – деген екен.

Осындайда Сейдахмет Бердіқұловтың тағы бір батыл әрекеттерін айтпасқа болмайды. 1981 жылы Мұқағали Мақатаевтың архивінде қалып, жарық көрмеген «Райымбек! Райымбек!» дастанын басын бәйгеге тіге отырып «Лениншіл жастың» үш нөміріне жариялағаны үлкен оқиға ретінде бағаланды. Сол үшін редактор аз таяқ жеген жоқ. Ол кісі бәрінің осылай болатынын білді. Оған саналы түрде барды. Бүгінгі таңда бұл әңгіме жастар газеті тарихына алтын әріппен жазылды десек те болғандай.

Сол жылдардағы сарғайған газет тігінділерін ақтарып отырсақ жастар басылымының таралымы шырқау биікке көтеріліпті. Оны үлкендер де қызыға оқыды. Қазақ ауылдары газеттің әр нөмірін асыға күтетін. Қолына қалам алған жастар легінің көбеюіне ықпал еткені ақиқат. Тек саяси мәселемен ғана айналысқан жоқ. Өнер мен әдебиеттің өркендеуіне өзіндік үлес қосып отырды.

Енді тағы бір редакторды айтпасқа болмайды. «Лениншіл жастың» атын тәуелсіздіктің талаптарына сай өзгерту мүмкіндігін жүзеге асырған редактор ретінде Уәлихан Қалижанның орны бөлек. Осы оқиғаның қалай өрбігенін ол кісінің өз аузынан естиік.

– Адам өмірі сияқты әр газеттің де өз өмірбаяны болады. Кейбірі біраз уақыт ғана шығып, жабылып қалады, ал енді бірі қыспақтардан өтіп, ғұмырлы болып жатады. Сол секілді алғашқы нөмірінен бастап оқырман құрметіне бөленген «Жас Алаш» газеті  бүгінгі күні 100-ге толып жатыр. Газет ұжымын да, оқырмандарын да, ардагерлерін де осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Басылым тағдыры – халық тағдыры, қоғам тағдыры. Газеттің 100  жылдық тігіндісін ақтарып түгендеген адам өз мемлекетінің тарихын, сүйініші мен күйінішін жазбай таниды. Тарихтан ешкім сызып тастай алмайтын «Лениншіл жасты» 1991 жылы тамыз «бүлігінен» кейін,  бір түнде ешқандай қаулы-қарарсыз, қайтадан тарихи аты – «Жас Алаш» деп өзгертіп жібергенімді мақтан тұтатынымды жасырмаймын. Қазақтың атақты жазушысы Шераға – Шерхан Мұртаза кабинетіме келіп: «Ақсұңқар ердің баласы», – деп газет атын өзгерткеніме риза болып, қолдау білдірді, – депті Уәлихан аға.

Өткен күндерге осылайша ой жүгірте отырып, тағы да бүгінгі күннің мәселелеріне тоқталдық. Бұл туралы да айтылатын әңгіме аз емес. Бас редактордың орынбасарлары Сейсен Әмірбекұлы, Алмас Нүсіп, жауапты хатшы Нұрымжан Мауытовтардың пікірлері бір арнаға тоғысты. Нұрымжан ағамыз тоқсаныншы жылдары «Жас Алаштың» қазанында қайнаған екен. Ол күндерді былай деп еске алады.

– 1991-1994 жылдары осы газетте қызмет еттім. Газеттің атауы «Жас Алаш» болып өзгергеніне куә болдым. Уәлихан Қалижан, Төрехан Данияр сияқты білікті редакторлардың алдын көрдік. Сапарбай Парманқұл, Бауыржан Омарұлы, Әділ Қойтанов, Құлтөлеу Мұқаш секілді дарынды журналистермен бірге газеттің жүгін көтердік. Енді, міне, кезінде өзім істеген сүйікті газетімнің жүзжылдық мерейтойын осы ұжымның қызметкері ретінде қарсы алу мүмкіндігі маңдайыма жазылыпты. Бұл мен үшін үлкен бақыт, – дейді Нұрымжан Мауытов.

Жастар басылымында бірқатар білікті басшының қолтаңбасы қалғанын қалың оқырман жақсы біледі. Төрехан Данияр, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбек, Рысбек Сәрсенбай, Руслан Ербота секілді азаматтар жауапкершілік арқауын ширатпаса, босатқан жоқ.

Бүгінгі таңда да «Жас Алаштың» орны бөлек. Қалың оқырманның көзқарасы мен пікірі осыған саяды. Сондықтан газет қызметкерлерінің арқалайтын жүгі, атқаратын жұмысы оңай емес. Уақыт талабына сай түрленіп, түлеп отыру басылымдарға қажетті басты қағида. Жүзжылдықтың кемел биігінен осындай дәрежеде көрінеді деген зор сеніммен әңгімемізді аяқтаймыз.

Болат МӘЖИТ

Алматы қаласы

Сурет ғаламтордан алынды