"ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІНІҢ ЖУРНАЛИСІНЕ "ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТ" АТАҒЫ БЕРІЛДІ

Уақыты: 06.03.2021
Оқылды: 726
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ғасырдан асқан шежіресі бар «Жетісу» газетінде ойлы оқырманға олжа сыйлап келе жатқан, жазған толымды еңбектері, ойлы мақалалары, публицистикалық дүниелері таңғы шықтай мөлдір Гүлжан ТҰРСЫН туған жерінің құрметіне бөленді. Ілияс Жансүгіровтей жыр құлагері туған топырақта от жүрегін тулата өмірге келген әріптесіміз Ақсу ауданының Құрметті азаматы атағына ие болып, кеудесіне медаль тағынды.

Қай азаматқа болмасын  өзінің туған жерінің құрметіне бөлену алабөтен бақыт, ерекше қуаныш екені сөзсіз. Бұл ретте жазған жайнақ дүниелері арқылы оқырманның ыстық ықыласына ие болған кең жүректі, ақ ниетті,  жаңа атқан таңдай жаймашуақ жанды мерейлі сәтімен құттықтаймыз! Қашанда ақпарат айдынында желкен көтеріп, билік пен бұқара арасындағы алтын көпір міндетін адал атқарып келе жатқан Г.Тұрсынның қазақ журналистикасына бір адамдай қосқан үлесі бар. Жер жаннаты Жетісу жері, елдік пен береке-бірлік, руханият пен қоғам, замана ағымы, ұлт құндылықтары жайлы жазған мақалалары оқырманға жақсы таныс.

Облысымызда қаламының қуаты бар журналист ретінде сыйлы, құрметті әріптесіміз өз кезегінде Ақсу жерінің де сан мәселесін басылым арқылы көтеріп, туған жер мен елінің мұң-мұқтажын жариялап келеді. Туған жердің тұғырлы перзенті ретінде қаламгерлік-қайраткерлік ұстанымынан қиыс кетпей, бүгінде Алаш атымтайларын айшықтап, зерттеп-зерделеп жүрген әріптесімізді марапатымен құттықтаймыз! Діңі берік еменнің еңсесіндей мықты денсаулық, шалқар шабыт түлеткен шырайлы шығарма қаламынан көптеп төгілуіне тілектеспіз.

"ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІНІҢ ҰЖЫМЫ