Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҰШАҚ АПАТЫНАН КӨЗ ЖҰМҒАН ҒАБИТ БАРЛЫҚБАЕВ БАҚТЫБАЙ АУЫЛЫНА ЖЕРЛЕНДІ

Уақыты: 16.03.2021
Оқылды: 3018

Алматы маңында құлаған әскери ұшақ ішінде жетісулық Ғабит Барлықбаев та бар еді. Марқұмды бүгін жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Бұл туралы "Жетісу" газеті "Қазақпаратқа" сілтеме жасап хабарлады.

Авиация бөлімінің штурманы тура мүшел жасында өмірден озды. 36 жастағы азаматтың артында 3 баласы, жары, ата-анасы қалды.

«Өздері басқаратын әскери ұшақтардың дауысын балаларына, маған үйретіп қойған. Егер біз дауысын білмей қалсақ, қалайша менің жүргізетін ұшағымның дауысын білмейсің деп ренжитін. Біз үйде отырып, ұшақтың дауысына қарап білетінбіз. Міне "АН-24", міне, "АН-26" келе жатыр деп отыратынбыз. Өзі ұшып келе жатқанда қоңырау шалып, айтатын, балаларды балконға шығаршы, мен ұшып келе жатырмын деп», - деп жарын еске алады Гүлзира Орманбекова.

Ұшақ апатында қаза тапқан ұшқыш Ғабит Барлықбаев үш ағайынды. Өзі үйдің тұңғышы болған. Ұшқыш болуды бала күнінен арман еткен азамат Ақтөбеде білім алып, Отан қорғау саласында 20 жылға жуық қызмет етті. Ұшқыштың артынан ерген екі інісі де әскери қызметте.

«Үш ұлымды да Отанына, халқына қызмет ет деп бердім. Үшеуі де әскери қызметкер. Оның екеуі ұшқыш. Балаларыма ризамын. Халқының үмітін ақтап жатыр, берген анттарына адал», - деді марқұм Ғабит Барлықбаевтың әкесі Есім Барлықбаев. Боралдай кентінде қызмет еткен ұшқыштың денесі өзі туған Талдықорған маңындағы Бақтыбай ауылында жер қойнына тапсырылды. Ғабит Барлықбаевтың үлкен баласы 9-да болса, кішкентайы 2-ақ жаста.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"