ТАЛДЫҚОРҒАНДА ИДЕЯСЫ ЕРЕКШЕ ДИЗАЙНЕР 150 МЫҢ ТЕҢГЕ ИЕЛЕНДІ

Уақыты: 11.04.2021
Оқылды: 936
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі логотиптер байқауын жариялап, үздік туындының авторын марапаттады. Байқаудың өту барысы жайлы «Jetisý media» ақпараттық алаңында өткен брифингте айтылды.

Додаға түскендердің арасынан топ жарып шыққан талдықорғандық дизайнер Шалқар Сембековтың эскизі үздік деп танылды. «Қоғамдық келісім» КММ директоры Сандуғаш Дүйсенова:

– Дауыс беру ұйымның сайтында ашық форматта өтті. Конкурсқа облыстың барлық өңірлерінен 15-ке жуық эскиз келіп түсті, бірақ ең үздік болып "Q Print" жарнама агенттігі дизайнерінің логотипі танылды, – деді. Автордың айтуынша, бұл оның логотиптер байқауына қатысудағы алғашқы қадамы.

– Мен шамамен 10 жыл бойы дизайнер болып жұмыс істедім, бірақ байқау үшін алғаш рет эскиз әзірледім. «Қоғамдық келісім» туралы барлық ақпаратты зерттедім, сондықтан эскиз идеясы бірден келді. Жұмыстан кейін логотип дизайнының екі нұсқасын ойладым, біреуі ресми және стандартты, екіншісі заманауи және жарқын. Байқауда екінші нұсқа көбірек дауыс жинады, – деді Шалқар Сембеков.

Логотипте шаңырақ, қол ұстасып жүрген адамдар және стильдендірілген "К" әрпінің абстрактілі бейнелері қолданылған. Шаңырақ – ошақтың, отбасының, ортақ үйдің және бір Отанның символын айқындайды. Қызыл, сары, жасыл және көк түс этникалық топты білдіреді. Аталмыш белгілерді ұтымды пайдаланған дизайнер ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сандуғаш Елубайқызы әлі де байқаулардың көптеп өткізілетінінен құлағдар етті.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы