МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ АРДАГЕРЛЕРДІҢ ҮЙІНЕ БАРЫП, СЫЙ-ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Уақыты: 17.04.2021
Оқылды: 2260
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласы мәслихаты депутаттары Рамазан айында игілікті істі қолға алды. Қалалық мәслихат хатшысы Темірболат Ахажанов бас болып, депутаттардың басын біріктіріп, Талдықорған қаласында тұратын Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетті. Депутаттар бес топқа бөлініп, ардагерлердің үйіне барды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Үлкенге құрмет көрсету ежелден келе жатқан салтымыздың бірі болғандықтан бейбіт өмір үшін жанын қиып, қасқайып тұрып, жауға тойтарыс берген ардагерлерімізді бір қуантып тастады. Бүгінде қала бойынша бес соғыс ардагері бар. Олардың алды тоқсанның сегізіне келсе, ең кішісі тоқсан алтыда. Алтынай Есболат, Сарсенбай Қаңтарбай, Михаил Баранов, Төлеубай Шектібаев, Искак Хусайнов бүгінгі күннің қаһармандары.

Иә, бұғанасы қатпай соғысқа аттанып, етігімен су кешіп, қар жастанып, сұрапыл соғыстан аман оралған ардагерлеріміз келген қонақтарды жылы қарсы алды. Бірқатары кәріліктің тауқыметімен, төсек тартып қалса, кей ардагер әлі де тың. Талдықорған қаласы медициналық колледжінің директоры Серік Жансенгіров пен Ушинский атындағы №7 орта мектебінің директоры Жамал Нұрлыбаева Көктал ауылында тұратын Төлеубай Шектібаевтың үйіне барды. Он жеті жасында соғысқа аттанған ақсақал бүгінде тоқсан алтыны алқымдап отыр. Депутаттар келеді дегенді естіген ардагеріміз қақпа сыртынан қонақтарды өзі қарсы алып, аман-саулық сұрасты. Қолына таяғын ұстап, кәріліктің шапанын жамылғанымен атамыз әлі тың. Келген депутаттармен елдің жайы мен саяси жаңалықтарды сұрап, өз ойымен бөлісті.

Соғыстан кейінгі кезеңде ел басқару жұмысына араласқан Төлеубай ата келген қадірменді қонақтарға алғысын білдіріп, ақ батасын да арнады. Депутаттар арнайы алған тәтті толтырылған себет пен теледидар, гүл шоқтарын тапсырды. Ардагермен бірқатар мәселелерді қозғап, өз тарапынан қандай көмек қажет екенін де сұрады. Барлық іске қанағат қылған ақсақал тек дәрігердің үйге келіп, тексеруін өтінді. Ауылдық емханаға дейін біраз жер жету мұң болғандықтан, жиі келіп қарап тұрса деген өтінішін айтты.

Бұл сауал лезде шешіліп, депутат Серік Максимұлы учаскелік дәрігер үйге арнайы келіп, тұрақты тексеріп тұратынын жеткізді. Ардагер келген қонақтарға алғысын білдіріп, құрметпен шығарып салды.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы