"РАДИАЦИЯ КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН ЖАУ ІСПЕТТІ": ЧЕРНОБЫЛЬ АПАТЫНА - 35 ЖЫЛ

Уақыты: 27.04.2021
Оқылды: 1076
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Осыдан тура 35 жыл бұрын, 1986 жылдың 26 сәуірі күні Украинаның Чернобыль қаласындағы атом электр стансысында алапат жарылыс болды. Апатты залалсыздандыру жұмыстарына күллі Кеңес Одағынан 800 мың адам қатыстырылды. Олардың арасында елімізден барған 32 мыңнан астам адам радиацияның кесірінен мүгедек болып оралды. Қазір сол радиацияның зардабын тартып отырған Чернобыль апатының ардагерлері Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілгенімен олардың жоғалтқан денсаулығын ешкім қайтарып бере алмайды.

Жыл өткен сайын қатары азайып, ауру-сырқаудың кесірінен бақилық болып жатқан Чернобыль апатының ардагерлері Алматы облысында 2500 адам деп есептеледі. Талдықорған қаласында орналасқан облыстық «Чернобыль ардагерлері және мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Хұсайын Мұстафаның айтуынша, атом электр стансысының апатын зарарсыздандыруға 6 айдан қатысқан жігіттердің әрқайсысы денсаулығына байланысты алған мүгедектіктің зардабын шегіп отыр. Ай сайын 20 мың теңгенің көлемінде жәрдемақы алатын олар өз дәрежесінде елеп-ескерілмей отыр деуге болады.

КСРО атты алпауыт мемлекеттің құлауына тұспа-тұс келген жарылыстан кейін Чернобыль апатының ардагерлеріне көңіл аударған жан болмады. Тіпті, бар-жоғын біліп, амандығын сұраған кісі табылмапты. Соған байланысты Чернобыль апатының ардагерлері өздерін сынаққа салынған қояндай сезініп келген. Тек соңғы кездері ғана көзқарас өзгеріп, чернобыльдықтарға құрмет көрсетіле бастады. Әсіресе, биылғы 35 жылдық кезінде облыс орталығындағы мектептер кездесулерге жиі шақырып отыр.

Ескелді ауданының Шымыр ауылында дүниеге келген Хұсайын Дәуітұлы Чернобыльдағы залалсыздандыру жұмыстарына 1988 жылы сәуірде алынып, қыркүйекте денсаулығына байланысты кері қайтарылады. Оған дейін әскери борышын Байкал-Амур магистралі құрылысында өтеген кейіпкеріміз Шұбар ауылындағы ауылшаруашылық техникумын бітіріп, электрик мамандығын меңгеріп шығады.

Чернобыль атом электр стансысында жарылыс орын алған кезде КСРО-да арнайы әскери полктар жасақталып, апаттың зардабын жоюға жіберіледі. Қазіргі Ақмола облысында құрылып, «Ортаазиялық полк» деп аталған әскери жасаққа №20040 әскери бөлімінің жауынгерлері мен міндетті әскери қызметтен босатылып, резервке шығарылған әскери қызметкерлер жинақталады. Осы полк алдымен 1986 жылғы 14 мамырда Гомель облысына қарасты Хойники ауылына жеткізіледі. Ертесі күні Үкіметтің қаулысына сәйкес Чернобыль АЭС-інде болған апаттың зардабын жою жұмыстарына кірісіп кетеді. Қауіпті аумақта кезекпен жұмыс істеген жандардың арасында бойына радиацияны молынан сіңіргендер кері қайтарылып, орнына жаңадан адамдар алынып жатты. 1989 жылдың 22 қарашасында барлық әскери бөлімдерді құрылған жерлеріне қайтару туралы бұйрық шығып, Ортаазиялық полк түгелдей Теміртау қаласына оралады. Арада жыл өткен соң полк таратылып, барлық құжаттары толығымен жойылады. Сөйтіп, бүтіндей бір полктің сапында әскери борышын өтеген жандардың мәліметтері мен деректері ескерусіз қалды.

Елге келген соң денсаулығына байланысты ем алудың қажеттігін ұғынып, өздерінің құқықтарын талап ете бастаған Чернобыль ардагерлері назарға іліге бастайды. Алайда мемлекет тарапынын көрсетілетін жәрдем оңайлықпен беріле қоймайды. Тіпті, құлап қалған КСРО басшылығының бұйрығымен апат орын алған жерге жіберілген жандарды тәлкек қылушылар шыға бастады. Ең сорақысы, апаттың салдарын жою жұмыстарына 30-45 жас аралығындағы, отбасылы, бала-шағалы жандар алынуы керектігі айтылған бұйрық орындалмай Ленинград, Мәскеу, Киев қалаларында әскери борышын өтеп жатқан 18-20 жастағы жігіттер апат орнына жіберілген. Олардың арасында қазақстандық жауынгерлер де болған.

Атом электр стансысының айналасындағы 30 шақырымдық қашықтықты темір тормен бекітіп, тұрғындардан қалған заттарды көму жұмыстарын жүргізген жандардың бәрі радиациямен әртүрлі деңгейде уланып, денсаулығына зиян келген. Адам ағзасына зиянын тигізген элементтердің қатарында целий және стронций сынды адам ағзасын улайтын элементтер болған. Негізінен адамның сүйегі мен бұлшық еттеріне жинақталып, зиян келтіретін улы заттар адам ағзасынан 30 жылдан соң ғана толық шығарылады екен. Осыған байланысты чернобыльдықтардың көпшілігі мерзімінен бұрын өмірден өтіп кетті. Оған себеп – күтімнің жоқтығы, медициналық жәрдемнің жетіспеушілігі. Шындығында радиация зардабын тартқан жандар экологиялық таза орта мен көрсетілген ықылас-пейілдің арқасында ұзақ өмір сүруі тиіс.

– Мысалы, Ұйғыр ауданындағы 19 адамның бәрі бүгінде аман-есен. Ішкен суы мен табиғатының әсері болса керек, олардың ешқайсысы денсаулығына соншалықты шағымданбайды. Ал, Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінде тұратын 30 чернобыльдықтың тең жартысына жуығы, яғни 12-сі бақилық болды. 1986 жылдың тамыз айында Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ кентіндегі автобазадан 18 адам барып, бір ай ғана жұмыс істеген. Солардың ішінен бір ғана адам қатарымызда. Қалғанының бәрі қайтыс қалған. Олар ешқандай есепте жоқ. Ал, Текелі қаласынан барған 50 адамнан қазір 8 адам ғана тірі қалды, – деген Хұсайын Дәуітұлы Жетісу жеріндегі Чернобыль ардагерлерінің жай-күйін әңгімеледі. – Олардың қатарында көпшілікке белгілі мемлекеттік қызметкерлер де бар. Алматы облысындағы әрбір Чернобыль ардагері ІІІ топтағы мүгедек атанса да тыныш отыра алмайды. Бәрінің айналысатын жұмысы бар. Денсаулығы нашарлап, еңбек ете алмайтындар көбіне өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып келеді. «Тірі адам тіршілігін жасайды» демекші, Чернобыль ардагерлері ешкімге алақан жайып көмек сұрамайды. Бүгінде  Қазақстаннан барған 32 мың адамның 4 мыңнан астамы ғана қатарда. Олар ағайын-туысының, бала-шағасының қолдауын көріп, өмірге деген құлшынысын жоғалтпаған жандар.

Халқымыз: «Ер етігімен су кешіп, ат ауыздықпен су ішкен» деп талай ауыртпалыққа толы кезеңдер өткенін айтып кеткен. Чернобыль атом электр стансысының жарылысынан болған зардапты жою жұмыстарына қатысқан азаматтардың бәрі де төтенше жағдайға байланысты бұйрықпен аттанған. Олар шын мәнінде ерлік жасаған жандардың қатарына жатады. Тағдырдың басқа салғанына көніп, қызыл империяның бұйрығын орындаған жандар бүгінде қандай құрметке де лайық. Ендігі жерде лайықты бағасын алып, халықтың ықылас-пейіліне бөленуі тиіс.

«Чернобыль ардагерлері және мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін атқаратын Хұсайын Мұстафа қазір 7 баланың әкесі, 10 немеренің атасы. Басынан ауыр кезең өтсе де мойымай, өзі секілді жандардың тіршілігіне алаңдап, Чернобыль ардагерлерінің құқықтары мен қажеттіліктерін өтеуге қызмет етіп келеді.

Сөзін тобықтай түйінмен түйіндеген Хұсайын Дәуітұлының айтуынша, басқа түскен ауыртпалық пен қиындықты көтеру ер адамға сын!

– Ер адам өзінің Отанын қорғауы керек! Біздің буын солай тәрбиеленген. Әкелеріміз бен аталарымыздың жаумен жағаласып өткендерін оқып өстік, – деген Хұсайын Мұстафа ойын былайша қорытты. – Мына Чернобыль апатынан тараған радиация да көзге көрінбейтін жау іспетті. Онымен күресу әркімнің азаматтық борышы. Сондықтан біз де жауынгер ретінде сапқа тұрып, Отан қорғауға аттандық. Орта Азиядан барып, намыс қорғадық!

Иә, адамды намыс алға жетелейді, батырлық көзсіз ерлікке бастайды. Бейбіт күннің батырлары, міне, осындай.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы