АМАНДЫҚ БАТАЛОВ БАРША ЖЕТІСУЛЫҚТАРДЫ БІРЛІК КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 01.05.2021
Оқылды: 1185
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

"Құрметті жетісулықтар! Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ауызбіршілік – қашанда елдігіміздің өлшемі, мемлекетіміздің алтын қазығы, халықтың күш-қуатының қайнары. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған жаңа Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылында іргесі сөгілмей, татулығына сызат түсірмей, байтақ елінің бірлігін бекемдеп, бүгінгі жаңа дәуірге жетті. Әуелден-ақ ядролық қарудан бас тартып, бейбітшілікке бастамашы болған, түрлі діни конфессиялардың басын қосып, диалогқа шақырған, Ассамблея құрып, жүзі басқа, жүрегі бір азаматтарды ортақ мақсатқа жұмылдырған біздің Отанымызда ынтымақ мерекесінің мәні бөлек, орны ерекше болуы заңды.

Күні кеше ғана өткен «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясында бұл туралы Президентіміз ҚасымЖомарт Тоқаев: «Табысты реформаларымыздың мызғымас тұғыры – халқымыздың бірлігі. Ал еліміздің бірегейлігі – әралуан ұлт пен ұлыстың жарасымды татулығы», – деген болатын. Расында да жүзден астам этносқа құтты қоныс болған Жетісу өңірі татулықты ту етіп, ортақ шаңырақ аясында елдің тұтастығы мен тыныштығына, өсуі мен өрлеуіне үлес қосып келеді.

Індеттің таралуына байланысты туындаған қиындықтар бізді жасыта алған жоқ, қайта шыңдап, бірлігімізді одан әрі нығайта түсті. «Игілік басы – ынтымақ, ынтымақ басы – күншуақ» деген сөз осындайда айтылса керек.

Құрметті жерлестер! Берекелі ғұмыр кешіп, биік белестерге, асқар асуларға жете берейік. Көктемнің мерекелі күнінде баршаңызға зор денсаулық, толайым табыс тілеймін! Отбасыларыңыз аман, күндеріңіз шуақты, еңбектеріңіз жемісті болсын!" - делінген әкім құттықтауында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"