"ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІНІҢ ҚОС ЖУРНАЛИСІ "АҚ ҚАУЫРСЫН" СЫЙЛЫҒЫН АЛДЫ

Уақыты: 01.05.2021
Оқылды: 2627
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы әкімінің жүлдесі - «Ақ қауырсын» байқауы биыл қатарынан төртінші рет өтіп отыр. Аймақтағы ақын-жазушылардың басты әдеби бәйгесін жыл басында сауын айтып жариялағанымен күні кеше өз мәресіне жетті. Осынау дүбірлі додаға қатысқан қаламгерлер арасында ғасырдан астам тарихы бар ата басылымның қос қаламгері қанжығасын майлап, әдеби жүлде иегері атанды.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан сөз бәйгесінің марапаттау салтанаты болды. Әуелі аталмыш басқарманың басшысы Болат Керімбек сөз алып, байқауға қатысушылардың әлеуетін, тақырып қозғаудағы тапқырлығын, бәйгеге ұсынылған шығармалардың шырайлылығы мен мазмұнын атап өтіп, «Тіл-ғұмыр» додасының мақсатын айшықтады. Сонымен қатар, байқауға қатысушыларды ерекше құттықтап өтті. Өз кезегінде сөз алған облыстық «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Сарыбаев қазылар жұмысын, басты талапқа сай шығармаларды әділ саралағандықтарын жеткізді. Ол:

– Өңірдің басты әдеби байқауы проза және поэзия бағытында өткені белгілі. Бұған 68 өтінім түсті. Дегенмен, біз бір дүниені мықтап ескерсек екен. Байқау болған соң оның шарты, талабы болады. Сол жүлдеге жақсы шығарма жазу шын ізденген әрбір қаламгердің қолынан келетін дүние. Дегенмен, біз бұл байқауда көркемдігі көңіл суаратын шырайлы шығармаларды көп кездестіре алмадық, – дей келе, жалпы шығармалардың мазмұнын, құрылымын атап өтті.

Серік Әбікенұлынан кейін облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Оспанұлы сөз алып, поэзия бағытында қазылық еткенін, көңіл күмбезін көкжиекпен астастырар шырайлы шығармалар жазылып, байқауға ұсынылмағанын атап өтіп, ендігі аламанға қатысушылар асқан жауапкершілікпен шығарма жазса деген ұсынысын жеткізді. Өз кезегінде сөз алған ақын қыздар Гүлбақыт Қасен мен Айнұр Төлеу де қара қылды қақ жарған әділдігімен баға беріп, жүзден жүйріктің маңдайын жарқыратқандықтарын жеткізді.

Әділқазылардың ескертпесі мен ақжарма лебізінен кейін «Ақ қауырсын» байқауының жүлдегерлері марапатталды. Аталмыш байқауда проза бағыты бойынша «Көк тұйғын» әңгіме сімен белгілі журналист, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері Ришад Тұрғанбай жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, журналист Асыл Сұлтанғазы поэзия бағыты бойынша жеңімпаз деп танылды. Айта кететіні, қос қаламгер де қасиетті «Жетісу» газетінің журналистері.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Алматы облысы