АККУМУЛЯТОРДЫҢ ТОГЫМЕН БАЛЫҚ ӨЛТІРЕТІН ҚАРАҚШЫ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Уақыты: 02.05.2021
Оқылды: 933
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Балқашта заңсыз балық аулаған браконьер ұсталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Ағымдағы жылдың 29 сәуірінде «Нерест» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы барысында Балқаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясымен бірлесіп, Іле өзенінің бойында Бақбақты ауылынан оңтүстікке қарай шамамен 9 км жерде заңсыз балық аулаған азаматты ұстады.

Заң бұзушы резіңке қайықты және аккумуляторға қосылып, қолдан жасалған ток күшейткіш аппаратты пайдаланып, жалпы салмағы 72,4 кг болатын әртүрлі балықтарды заңсыз аулаған.

«Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы, 3-бөлігінің 2-тармағы (уылдырық шашу мерзімінде заңсыз балық аулау) бойынша тіркелді. Айғақ зат ретінде жергілікті тұрғыннан 72,4 кг балық (сазан 54 кг, көксерке 3 кг, ақмарқа 14 кг), үрленбелі резіңке қайық, аккумулятор, тоқ күшейткіш аппараты алынды. Алдын-ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген залал көлемі 412 390 теңгені құрап отыр», - деді Балқаш аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Дәурен Құтпанов.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысының аумағында балықты заңсыз аулау, биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымы фактілерін анықтау және жолын кесу, сондай-ақ, бұрын жасалған экологиялық қылмыстарды ашу, балық қорғау органдарына балық қорларын сақтауда көмек көрсету мақсатында «Нерест» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"