БАТЫРЛАР ЖЫРЫН ОҚЫП ӨСКЕН БАЛА ЕСЕЙГЕНДЕ ӘСКЕРГЕ ӨЗІ-АҚ СҰРАНАДЫ

Уақыты: 07.05.2021
Оқылды: 1147
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Отан алдындағы борышын өтейтін жастарды әскерге шақырады. Дей тұрғанмен, бір жыл уақытын босқа кеткенмен балайтын жастар баршылық. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине, бірақ Отаны үшін отқа түсуден жалтарып жүргендерді көргенде қынжыласың.

Арасында шынайы себеппен бармай қалғандар да бар. Солардың бірі - қазіргі таңда Кореяда жұмыс істеп жүрген Алмас Рысбеков. Мектепті аяқтаған соң, жоғары оқу орнынан білім алады. Университетті бітіргеннен кейін де әскерге бармайды. Үйдің үлкені ретінде ата-анасына қолғабыс жасау үшін бірден жұмысқа тұрып, кейіннен шегара асып, шетелге бет алады. «Жасым былтыр 27-ге толды. Бала кезімде сапқа тұрып, солдат болуды армандайтынмын. Бірақ, өмірім мүлдем басқа арнаға бұрылды», – дейді ол.

Өмірін әскери саламен мүлдем байланыстырғысы келмейтін жандар да кезігеді. Бала кезден ғылым қуғандардың қатарындағы Бауыржан Бақытжанұлы бакалавр, магистратура, докторантураны аяқтап, бүгінде республикалық «Qazbilim» орталығында еңбек етіп жүр. Жастайынан әскери киноларды көріп: «Қайтсем де Қазақстанның Қарулы Күштерінде қызмет етем», – деген Еркебұлан Бекасылдың бала күнгі арманы орындалмады. Тоғызыншы сыныпты бітіргеннен кейін Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы «Жас ұлан» республикалық мектебіне құжаттарын тапсырады. Медициналық комиссиядан өтпей, кері қайтуына тура келген ол бүгінде бар болмысын спортқа арнап, әлемдік аренада ел абыройын қорғап келеді.

– Әскерге кеткен уақытты бірнеше жылға жететін қаржы тапқанға жұмсағаным артық, – деген Айдос Әскербек көлік жөндейтін орталықта жұмыс істейді. – Қазір бәрі қымбаттап жатыр, әр күнімді босқа өткізбей, еңбекке арнаймын. Бір шетінен ата-анама қолғабыс жасасам, бір шетінен үйленуге ақша жинап жатырмын. Осындай кезде бір жылымды жоғалтқанның орнына, бір күнімді бекер жұмсағым келмейді.

Азаматтық борышын университет қабырғасында-ақ жүргенде атқарған жас кәсіпкер Берікбол Төлеген болса, әскери кафедраны аяқтап, «запастағы лейтенант» әскери шенін тақты. Сол секілді әркім жауапкершілік жүгін мықтап көтерсе, барлығы Отан алдындағы міндетін өткеруге ешнәрсе кедергі келтіре алмайды.

Осы орайда отбасылы ер-азаматтар кәмелетке толмаған балалары болған жағдайда, сондай-ақ, жоғары оқу орнында күндізгі бөлімде білім алып жатса және денсаулығына байланысты ем қабылдап жүрсе уақытша борышын өтеуден босатылады. Ал басқа жағдайда әскерге баруға тура келеді. Бесікте жатқаннан батырлар жырын тыңдап өскен бала есейгенде әскерге баруға өзі-ақ сұранып, «бір жылымды бекер өткізбеймін» деген пікірден аулақ болары сөзсіз. Сондықтан елге, жерге деген махаббатты бала санасына кішкентай кезінен бастап сіңіруге күш салу қажет.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан