Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ӘУЕЖАЙ МАҢЫНАН ЗАҢСЫЗ ЖЕР САТҚАНДАР КІНӘСІН ТОЛЫҚ МОЙЫНДАДЫ

Уақыты: 06.05.2021
Оқылды: 668

Талғар аудандық сотында әуежай маңынан заңсыз жер берген экс-шенеуніктерге қатысты іс аяқталуға жақын. Соттағы соңғы сөзін сөйлеген экс-шенеуніктер бас бостандығынан айырмауды сұрады. Бұл жайында толық мәлімет "Қазақпаратқа" жарияланды.

Соңғы сөзін сөйлеген экс-шенеуніктер өз кінәсін толық мойындады және қатты өкінетінін жеткізді. Олар өздерін бас бостандығынан айырмауды сұрады. Себебі, олардың 3-4-тен кәмелет жасына толмаған балалары бар. Және басым бөлігі - үйдің жалғыз асырушылары. Сонымен қатар, олардың ата-анасы - егде жастағы адамдар.

Тек риэлтор Нұрайым Алданыш қана өз кінәсін мойындамады. Ол өзінің кінәсі құжатпен дәлелденбегенін айтты. Оның қорғаушысы Азамат Бакенов Н.Алданыштың бұл іске қатысы жоқ екенін жеткізді. Риэлтордың кәмелет жасына толмаған 3 баласы бар. Қорғаушының сөзінше, риэлтор жер сатумен ғана айналысқан. Ал рәсімдеу жұмысымен айналыспаған. Сондықтан оның кінәсі жоқ екенін алға тартты қорғаушысы.

- Риэлтор жерді сатып бер деген адамдардың жарнамасы бойынша жұмыс істеді. Ал сол жердің иелері бұл істе жоқ. Нұрайым Алданыштың бұл істе кінәсі жоқ, - деді қорғаушысы.

Айта кетейік, бұған дейінгі процесте прокурор экс-шенеуніктерді, яғни, барлық сотталушыларды 4 жылдан 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Қазір осы іс бойынша алты адам сотталып жатыр. Оның бесеуі - экс-шенеунік. Олар - Рустам Тұрысбеков, Жарас Машимбаев, Берік Абдуллаев, Медеу Қалыбеков, Қайрат Алтынбекұлы және риелтор Нұрайым Алданыш.

Риэлтор қамауда отыр. Ал бұрынғы шенеуніктер үйқамақта. Прокурор Рустам Тұрысбековке - 6 жыл қауіпсіздік деңгейі төмен түзеу мекемесінде жазасын өтеуге және 7 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыруды, Жарас Машимбаевты - 4 жылға бас бостандығынан және оны да 7 жылға мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ, Қайрат Алтынбекұлын 5 жылға бас бостандығынан айыруды және 6 жыл мемлекеттік қызметте істеуге тыйым салуды, Медеу Қалыбеков - 4 жыл, Берік Абдуллаевқа - 4,5 жыл, ал риелтор Нұрайым Алданышты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы сұралды.

Прокурордың сөзінше, заңсыз үй салу бойынша сотталушылардың кінәсі құжатпен дәлелденген және куәгерлердің де дәлелі бар. Сондай-ақ, мемлекеттік айыптаушы барлық үйқамақта отырған бұрынғы шенеуніктерді сот залында қамауға алуды сұрады.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсаныңда «Bek Air» әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Алматы-Нұр-Сұлтан бағытындағы ұшақ биіктікті сақтай алмай, әуежай маңындағы бетон қоршауын бұзып өткен. Артынша екі қабатты тұрғынүйге соғылады, 12 адам мерт болып, 69 адам зардап шеккен еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"