ЖАНУАРЛАРҒА ЖАНЫ АШЫМАЙТЫН 14 БРАКОНЬЕР ТЕРГЕЛІП ЖАТЫР

Уақыты: 18.05.2021
Оқылды: 1474
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Балқаш-Алакөл бассейнінің су айдындарында браконьерлікпен айналысқан 14 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Қазір аталған фактілер бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы "Жетісу" газеті Экология министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Биыл Алматы облысында 4 айда балық шаруашылығында 200-ден астам заң бұзу фактісі тіркеліп, 59 іс сотқа жолданды. Тағы 14 қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Браконьерлерден заңсыз ауланған 4 тонна балық, 5 жүзу құралы тәлкіленген.

Қапшағай қаласында өткен арнайы штаб отырысында сала мамандары кешенді жоспар құрып, су айдындарында инспекторлар санын арттырып, заңбұзушыларға қатаң шаралар қолдану мәселесін талқылады.

- Заңсыз балық аулаумен айналысқан тұлғаларды қолға түсіріп, олардан қайықтарын немесе көлік құралдарын тәркілеп, біздің балансқа аударуға болады. Мемлекет бізге осындай мүмкіншілік беріп отыр. Осы тәркіленген заттарды инспекция балансына, теңгеріміне ала алады Сондықтан біз осы бағытта үлкен жұмыс істеп жатырмыз, - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов.

Алдағы уақытта Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, өзен-көлдерде арнайы рейдтік тексерістерді жиі өткізбек.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"