ҚАЗАҚСТАНДА ӘРБІР ТҰРҒЫН МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРДІ ҚҰРМЕТТЕУГЕ МІНДЕТТІ

Уақыты: 04.06.2021
Оқылды: 1305
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әрбір мемлекеттің өзіндік ерекшелігін айқындайтын рәміздері болады. Дүниежүзіне еліміздің Елтаңбасын, Туын, Гимнін жария еткен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы 1992 жылғы 4 маусымда қабылданған болатын. Соған сай жыл сайын жадыраған жаз айының алғашқы сәттерінде Рәміздер күнін атап өтеміз.

Жалпы, рәміздер әрбір елдің өзіне тән, халықтың даңқын асқақтатып, мерейін үстем етер айрықша нышан. Сондықтан біз үшін Елтаңба – философиялық мәні терең өнер туындысы болса, аспан түстес көгілдір Ту талай қазақ аңсап күткен киелі байрақ екені белгілі. Ал, 1986 жылғы желтоқсанның ызғарында жастарға жігер берген «Менің Қазақстаным» барлық қазақстандықтардың басты ұраны – Гимнге айналды. Атаулы күнге орай «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекеттігіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді» деген Елбасы әрбір Қазақстан азаматы Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды өзінен бастап, басқалардан талап етуі қажет екендігін алға тартқан болатын. Өйткені, ҚР Конституциясының 34-ші бабында: «Әркім Республиканың Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті», – деп айқын көрсетілген. Сондықтан да Мемлекеттік рәміздер баршаның жалпыұлттық мақтанышына айналып отыр.

Қазақ халқының алтын бесігі саналатын Жетісу жерінде 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтуге зор мән берілген. Биыл ел Тәуелсіздігінің  30 жылдық мерейтойы аясында 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай облыстық деңгейде бірқатар іс-шаралар жоспары бекітілді. Соған сай азаматтардың бойындағы патриоттық рухты көтеріп, мемлекетшілдікке деген құрметін арттыратын рәміздерді кеңінен насихаттау қолға алынуда.

Осы мақсатта облыс көлемінде 150-ден астам патриоттық іс-шараны өткізу жоспарланған. Мысалы, Панфилов ауданының Тұрпан ауылында және Жамбыл ауданының Жамбыл ауылында тұрғындардың бастамасымен Мемлекеттік Тутұғырлар тұрғызылды. Дәл 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні «Мен – Қазақстанның патриотымын» атты жастар акциясы ұйымдастырылып, облыста екі мыңға жуық мекемеде Мемлекеттік Гимн орындалады.

Ел дамуының ажырамас бөлігі болғандықтан қазақстандықтардың Мемлекеттік рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Өйткені, онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрі көрініс береді.

Соңғы 30 жылдың ішінде қазақстандықтардың Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Гимнге деген терең құрметі қалыптасты. Сол себепті, рәміздер патриотизмге үндеу арқылы елдің дамуына сүбелі үлес қосатын, жастардың парасатты азамат болып қалыптасуына ықпал ететін патриоттық тәрбие құралы деп айта аламыз.

Облыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» үйінде («Достық үйі») мемлекеттік рәміздерді насихаттау орталығы ашылып, мемлекеттік рәміздерге арналған бұрышқа Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Гимннің мәтіні ілініп, өзге этнос өкілдерінің Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуі, насихаттауы бойынша жұмыс жүргізілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр 27 қарашада ҚР Үкіметінің №801 қаулысымен Мемлекеттік Туды, Елтаңбаны және Гимнді пайдалану, орнату, орналастыру қағидаларына бірқатар өзгеріс енгізілді.

Атап айтқанда, жекелеген азаматтар мен заңды тұлғалар Мемлекеттік Туды кез келген ғимаратта, оның ішінде балконда, салтанатты іс-шара өтетін орында патриоттық сезімін, отандастарын қолдау мақсатында пайдалана алады. Бұл – бір. Екіншіден, енгізілген өзгеріске сәйкес жеке тұлғалар Мемлекеттік Туды кез келген орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшелігіне қарамастан пайдалануына мүмкіндік беріледі. Үшіншіден, жеке тұлға ғимаратта орналасқан Мемлекеттік Туды түнде жарық құралдарын қолданбастан пайдалануына болады. Тәуліктің қараңғы уақытында жарықтандыру талабы заңды тұлға мен мемлекеттік органдарға ғана қатысты қолданылады. Мұндай өзгертулер тұрғындар арасында Мемлекеттік рәміздерді дәріптеуге және Туымыздың қолданылу аясын едәуір кеңейтуге ықпал етеді деп сенеміз.

Барша жетісулықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай отырып, кең даламыздың ұлы әуені шырқала берсін, қастерлі Елтаңбамыз биікте тұрсын, Көк Туымыз аспанда желбірей түссін дегім келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Рахмет ЕСДӘУЛЕТОВ,

Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы