СЕНАТ ДЕПУТАТЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫН АРАЛАП, БІРНЕШЕ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Уақыты: 08.07.2021
Оқылды: 2544
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ләззат СҮЛЕЙМЕН Жетісу жеріне жұмыс сапарымен келді. Сенатор Қаратал ауданы мен Талдықорған қаласындағы бірнеше нысанды аралап, халықтың ұсыныс-тілектеріне құлақ түрді. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кездесіп, сот, прокуратура, полиция қызметіне қатысты пікір алмасты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Сенетор Үштөбе қаласындағы І.Есенберлин атындағы мектепке дейінгі шағын орталығы бар орта мектебіне бас сұғып, материалдық-техникалық базасымнен танысты. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, суицидтің алдын алу және психологтармен жұмыс жүргізу секілді маңызды мәселелерге мән берді. Білім ордасы күрделі жөндеуден өткен. Ішіне, сыртына 32 бақылау камерасы орнатылған.

- Қазір біз балалар құқығын қорғайтын Заң жасақтап жатырмыз. Сондықтан, мұндай мекемеде күзетші отырады деген дұрыс емес. Мұны кәсібилендіруіміз керек. Оқушылардың қауіпсіздігі қашанда бірінші орында. Әлеуметтік желіне ашып қарасаңыз, бірін-бірі қорқытып-үркіткен балаларды байқайсыз. Ақыр соңы суицидке алып келетін жайттар жоқ емес. Ата-аналар, мұғалімдер, психологтар бірігіп, осының алдын алу үшін қызмет етуі тиіс, – деді Ләззат Жаңылысқызы.

Келесі кезекте астаналық қонақ Кемел Тоқаев атындағы орта мектепте орналасқан жазушыға арналған мұражайды тамашалады. Талай жыл осы білім ордасын басқарған, бүгінде Кемел Тоқаев атындағы қоғамдық қордың жетекшісі В.Спиридонова мектептің жетістіктері, оқушыларды ынталандыру үшін бөлінетін стипендия, түлектерге жыл сайын берілетін Кемел Тоқаев атындағы гранттарды сөз етті. Сапар барысында аудан әкімі Ерлан Исабеков пен Үштөбе қаласының әкімі Сағынбек Кәрбозов теміржол вокзалынының жанында салынып жатқан саябақтың құрылысын көрсетті. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен жұмысшылармен сөйлесіп, толғандырып жүрген сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ, «Сервистік әкімдік» қызметінің артықшылығын, халыққа қызмет көрсету, әлеуметтік көмек беру, жұмыспен қамту сынды жұмыстарын көрді.

Іссапары облыс орталығында жалғасқан Ләззат Жаңылысқызы Талдықорған қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қалалық сот төрағасы Ермек Егеубеков, Талдықорған қаласының прокуроры Бақытжан Ашеев, Талдықорған қаласының полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқар Нұрсапа, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалы, білім беру бағдарламаларын іске асыру және ілгерілету кабинетінің меңгерушісі Альфия Калхановамен кездесу өткізді. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмалардың орындалуы сөз болды. Сенат депутаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі ретінде халықтың құқығын қорғау, қылмыстың алдын алу жөнінде әңгіме өрбітті. Ләззат Жаңылысқызының жұмыс сапары Талдықорған қаласындағы №1, 4, 7 учаскелік полиция пунктерінің жұмысымен танысумен түйінделді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы