ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА ДРОН ҰШЫРҒАНДАР ҚОМАҚТЫ ЖҮЛДЕГЕ ИЕ БОЛДЫ

Уақыты: 20.07.2021
Оқылды: 1120
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ескелді ауданының "Текесу" демалыс орнында «JETISÝ эрон дрон» деген атаумен дрондар жарысы өтті. Оған еліміздің әр өңірінен келген жиырмадан астам дрон шебері қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Облыстық ішкі саясат басқармасы, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің мұрындық болуымен өткен сайыстың мақсаты – жастардың ақпараттық және цифрлық технологиялар саласындағы шеберлігін шыңдау, цифрлық сауаттылығын арттыру, ішкі туризмнің дамуына қолдау көрсету.

Жарыс екі санат бойынша өрбіді. Алғашқысы «FPV» сайысы. Мұнда қатысушылар арнайы көзілдірік киіп, дронды түрлі кедергілерден өткізді. Бірінші санаттағы дрондар кішкентай болғанымен өте жылдам ұшты. Екінші санат «DJI» деп аталады. Мұнда қатысушылар дронды ұялы телефонға қарап отырып басқарды.

Жарыс қорытындысы бойынша «FPV» сайысында 1-орынды Әнуар Нақысов жеңіп алып, 1 миллион теңгенің сертификатын еншіледі. 2-орынды 8 жасар Тимофей Муравьев қанжығасына байлады. Оған 500 мың теңгенің сертификаты берілді. 3-орын алған Олег Сугатовқа 250 мың теңгенің сертификаты табысталды.

«DJI» санаты бойынша Айбек Әтібеков топ жарып, дрон жеңіп алса, тұғырдың екінші сатысынан көрінген Әлихан Әлібекке смартфон табысталды. Ал үздік үштікті түйіндеген Андрей Маглеваныйға эйрподс берілді.

           Айдар ҚАЛИЕВ

Ескелді ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан