АУЫЛ ӘКІМДЕРІН САЙЛАУ КЕЗІНДЕ БАРЛЫҚ САНИТАРЛЫҚ ТАЛАП САҚТАЛАДЫ

Уақыты: 25.07.2021
Оқылды: 1018
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ауылдық округ әкімдерін сайлау кезінде Алматы облысының тұрғындары белсенділік танытуда. Бұл туралы «Jetisy media» ақпараттық алаңында өткен бирифингте айтылды.

Жиынға облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық, облыс бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Шағиахмет және облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Қайсар Мухметов қатысты. Бірінші болып сөз алған Қаһарман Еркінайұлы:

– Тіркелген 235 үміткерге ауыл сайлаушылары дауыс беруде. Орташа бәсекелестік бір орынға 3,3 пайыз болып отыр. Облыс тұрғындары дауыс беру белсенділігі бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізуде. Қазіргі таңда сайлау комиссияларының ұсынған деректеріне сәйкес, 38 783 адам дауыс берді, – деді. Ал Әлия Ғалымжанқызы болса, эпидемиологиялық жағдайды баяндап, бүгінгі күннен бастап Алматы облысы сары аймаққа енгенін хабарлады.

– Санитарлық талаптар әрбір сайлау учаскелерінде сақталған. Термометрдің көмегімен келушілердің дене қызуын өлшеу үшін арнайы жауапты қызметкерлер бекітілген. 1-1,5 метр арақашықтықты сақтау арқылы сайлаушылардың қозғалысын бағыттайтын жол көрсеткіштері бар. Ғимаратта қолды дезинфекциялауға арналған құрал міндетті түрде тұруы, бетперде режимін сақтау және оны 3 сағат сайын ауыстыру керек. Ғимаратқа кіргенде қолды дезинфекциялау, қол алысуды және тікелей байланыстың басқа да түрлерін болдырмау қажет, – деген ол санитарлық талаптар бұзылған жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 425-бабы бойынша жауапқа тартылып, 83 мың теңге көлемінде айыппұл салынатынын ескертті.

Баспасөз мәслихаты барысында Қайсар Жақсылықбекұлы тәртіп сақшылары азаматтардың бостандығын және құқықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамыз ету бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Полицейлер сайлау бюллетендерін сайлау учаскелеріне жеткізіп, қазіргі уақытта учаске маңайында қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын ұйымдастырып жатқанын хабарлады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы